Ақтөбеде Батыс аймақтың тұрғындары үшін медициналық кластер құрылады

5 Сәуір, 2016 15:03
Ақтөбеде Батыс аймақтың тұрғындары үшін медициналық кластер құрылады. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады. Айта кетейік, облыс басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының өңірде орындалу барысының аралық қорытындысы туралы әңгімелеген болатын.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысында Батыс аймақ пен Қызылорда облысының тұрғындары үшін бірнеше медициналық кәсіпорынды қамтитын медициналық кластерді қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында Ақтөбе облыстық ауруханасы, облыстық клиникалық балалар ауруханасы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің медициналық орталығы, «Дару» сауықтыру орталығы, облыстық кеңес беру-диагностикалық және облыстық перинатальді орталықтар бар.

“Медициналық кластер аясында облыстағы барлық медициналық кәсіпорын алдағы уақытта тиісті бағыттар бойынша қайта құрылады”, - деді аймақ басшысы.  

Облыс басшысы Түркияның «HemogensHealthCare» компаниясымен 5,5 млрд. теңгеге меморандумға қол қойды. Келісім аясында компания өкілдері жедел жәрдем бекеті құрылысы мен бірегей диспетчерлік қызмет құруды, Ақтөбеге 35 реанимобиль жеткізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар инвесторлар медперсоналды оқытуды, жедел жәрдем автомобильдерін құрастыру зауытын салуды және дәрілік препараттар өндірісін қолға алуды көздеп отыр.

Барлық жаңалықтар