• Басты
  • 20-дан аса қазақстандық әскери қызметші Литваның жоғары оқу орындарында дайындықтан өтті

20-дан аса қазақстандық әскери қызметші Литваның жоғары оқу орындарында дайындықтан өтті

5 Сәуір, 2016 08:41
Бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде Қазақстан мен Литва қорғаныс ведомстволары өкілдерінің штабтық келіссөздері өтті. Екі елдің әскери қызметшілері әскери ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздіктің аспектілерін талқылады, деп хабарлады ведомстводан.

Қазақстандық делегацияның басшысы, ҚР ҚМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Әділ Беков Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Қорғаныс министрлігінің басымдық міндеттерінің бірі әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында шетел мемлекеттерінің тәжірибесін зерделеу арқылы Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін даярлау болып табылатынын атап өтті. 

Сондай-ақ халықаралық әскери ынтымақтастықтың маңызды аясының бірі білім мен ғылым екенін атап өтіп, курстық даярлыққа қатысу үшін литвалық тараптың ұсынып отырған квотасы үшін алғыс білдірді.

                 2008 жылдан бастап Литваның жоғары оқу орындарында ҚР Қарулы Күштерінің 50-ге жуық әскери қызметшісі білім алып, оның ішінде соңғы 2012-2015 жылдары 23-ке тарта қазақстандық әскери қызметші сол жерде курстық даярлықтан өтті.

Одан басқа, Литва Республикасы Қорғаныс министрлігінің  Халықаралық ынтымақтастық және операциялар департаментінің директоры Робертас Шапронас басқарып отырған литвалық делегация тыңдаушыларға дәріс оқу, сондай-ақ Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығында кездесу үшін Елбасы – Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне аттанды. 

ҚР Қорғаныс министрлігі Ұлттық қорғаныс университетінде дәріс оқу үшін елшілерді, әскери атташелерді, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің әскери-ғылыми орта өкілдерін  ұдайы негізде шақырып тұратынын айта кеткен жөн. 

Барлық жаңалықтар