Жамбыл облысында көктемгі егіс-дала жұмыстарының 80 пайызы аяқталды

4 Сәуір, 2016 12:32
Жамбыл облысында көктемгі егіс-дала жұмыстары жоспарлы түрде қарқынды жүргізілуде. Ауа райының қолайлылығы әулиеаталық шаруалардың егіс науқанын наурыз айынан бастауға себеп болды, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Биылғы көктемде ауыл шаруашылық құрылымдарының механизаторларына 164 мың гектар ауылшаруашылық жерін аударып, егістікке дайындау жұмыстарын жүргізу қажет. Бүгінгі күнге 145 мың гектар жер аударылды немесе жоспар 80 пайызға жуық орындалды.

Сонымен қатар егістік жерлерді өңдеу жұмыстары да жүргізілуде. Жоспарланған 363 мың егістік жердің 252 мың гектары дайындалды.

Егістік алқабына себілген 20,2 мың тонна  жаздық арпа тұқымы толық дәріленген.

Егістік алқаптарында 3716 трактор, 794 соқа және 625 дән сепкіш жұмыс атқаруда. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағар май және тұқымдық материал  толық көлемде қамтамасыз етілген.

“Облыс көлемінде 593 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады деп жоспарлануда. Дәнді және дәнді  бұршақты дақылдар 258 мың гектар алқапқа, оның ішінде бидай 104 мың гектар алқапта орналастырылады”, - делінген хабарламада.

Бүгінгі күні 141 мың гектар егістік алқапқа егін себу жұмыстары жүргізілген болса, оның ішінде  жаздық бидай 111 мың гектар, майлы дақылдар - 12  мың гектар, көп жылдық шөп - 18,1 мың гектар алқапқа себілді.

Жаздық масақты дақылдарды егу жұмыстары Жамбыл ауданында толық орындалса,  Қордай,  Байзақ және  Шу  аудандарында аяқталуға жақын.  

ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан  Жамбыл облысына көктемгі егіс-дала жұмыстарын жүргізуге бағасы 88-90 тенгеден 14 мың тонна  кепілді дизель отыны бөлінді, оның ішінде, наурыз айына 6000 тонна, сәуір және  мамыр айларына айына 4000 тонна көлемінде белгіленді. Облысқа бекітілген  операторларға 4 269 тонна жанар-жағар май жеткізіліп, 1 299 тоннасы ауылшаруашылық тауар өндірушілерге таратылды.  

Ағымдағы жылы  егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша бюджеттен 700,0 млн. теңге қарастырылды.  15 858  мың тонна субсидияланған минералды тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы алқаптарына ендіру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден 3310,1 тонна минералдық тыңайтқыштарды алуға өтінімдер келіп түсті.

Сонымен қатар, бірінші көбейтілген немесе бірінші ұрпақ  будандарын сатып алу үшін 179 млн.теңге бөлінді.

Жалпы, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті барлық жағдай толығымен жасалған. Барлық тиісті жұмыстар оңтайлы мерзімде мамыр айының соңында бітеді деп күтілуде.

 

Барлық жаңалықтар