«Ақ бұлақ» бағдарламасы орындалмауы мүмкін – Б.Жәмішев

19 Қараша, 2013 11:23
Егер «Ақ бұлақ» бағдарламасына түзетуелер енгізілмесе, ол орындалмауы мүмкін, деп мәлімдеді Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев Үкімет отырысында.

«Егер қажетті 329-ды салыстырсақ, соның өзінде бар болғаны 68-і ғана орындалады. Демек бағдарлама бойынша осылай жұмыс істей берсек, оның үзіліп кету қаупі бар, яғни өз дәрежесінде орындалмайды», - деді министр.

Оның айтуынша, 2020 жылға дейін қойылған мақсатқа жету үшін қазір бағдарламаға өзгертулер енгізу керек.

Ол үшін алдымен ірі елді мекендерден бастап сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жасау керек. Сонда оған қол жеткізетін халықтың саны да жоғары болмақ. Енгізілетін өзгерістер алдымен осы жағын қарастыру керек екенін айтты Жәмішев.

Сонымен қатар, жергілікті су көздерін барынша тиімді пайдалану керек. Халқы аз елді мекендерде типтік жобаларды дайындап, іске асырған жөн. Бұдан бөлек су қорын анықтау жұмыстарының қиындықтарына байланысты жергілікті атқарушы органдар іздеу-анықтау жұмыстары мәселесімен айналысуы керек.

Аталмыш шаралар процесті оңтайландыруға мүмкіндік беріп, халықты сумен қамтамасыз ету және суды бұру мүмкіндіктерін жылдамдатуға көмек болуы керек.

Барлық жаңалықтар