«Мен - чемпионмын» спорттық ойынына СҚО-ң 12 мыңнан астам оқушысы қатысты

1 Сәуір, 2016 21:00
Солтүстік Қазақстан облысында 31-ші наурыз күні «Мен - чемпионмын» балалар спорттық ойынының 2-ші маусымдық финалдық кезеңі өтті, деп хабарлайды аймақ әкімдігі.

Ойынға қатысушылармен кездескен облыс әкімі Ерік Сұлтанов «Нұр Отан» партиясының бастамасымен өткен жылы басталған «Мен - чемпионмын» жобасы бүгінде ауқымды спорттық қозғалысқа айналды, деп атап өтті.

«Сіздерді ойынды сәтті аяқтауларыңызбен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, спорт пен оқуда тың жетістіктер тілеймін»,-деді әкім.

 «Аймақ басшысы жеңімпаздарға жүлделерін табыстады. Ойын кубогын Петропавл қаласындағы №7 мектептің «Стрела» командасы иеленді. «Балдәурен» сауықтыру лагеріне жолдаманы күміс, қола иеленген командалар да ие болды»,-делінген хабарламада.

Облыстық финалдық кезеңге облыстың барлық аудандары мен Петропавл қаласынан 16 команда қатысқан болатын.

Ойынға барлығы солтүстік қазақстандық мектептерден 12 мың бала қатысты. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 1,5 есе артық.

Барлық жаңалықтар