Вена көрермендері ҚазҰӨУ студенттерінің шеберліктерін жоғары бағалады

1 Сәуір, 2016 10:48
Венаның «Музыка және театр» концерт залында «Қазақстан жауһарлары – Ұлы дала әуені» концерттік жобасы биыл бірінші рет Қазақстан халық әртісі Айман Мұсақожаева басқаратын Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті студенттерінің қатысуымен өтті.

Аталмыш концерт көктем мен жаңарудың мерекесі, «Наурыз» мейрамына орай өткізілді.

ҚР СІМ-ң хабарлауынша, бұл іс-шараға Австрияның Парламент және Министрлік өкілдері, Венада тіркелген дипломатиялық миссия басшылары, халықаралық ұйым басшылары, Қазақстанның құрметті консульдары, Австрия-Қазақстан қоғамдастығының мүшелері, қоғамдық-саяси және іскерлік ортаның, қазақ диаспора өкілдері мен қазақстандық және австриялық БАҚ журналистері қатысқан.

«Қазақстан жауһарлары» жобасының басты мақсаты – Австрияға еліміздің бай мәдениетін таныту. Онда қазақстанның танымал өнер қайраткерлері, қазақстандық жас дарынды музыканттар, сонымен қатар, Австрия сахнасында өнер көрсетіп жүрген австриялық музыка оқу орындарында оқып жүрген музыканттар қатысты.

ҚР елшісі Қайрат Сарыбай Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай отандық жас орындаушылардың қатысуымен Грац, Зальцбург, Брегенц қалаларында камералық концерт ұйымдастыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Филлахта фольклорлық ұжымның жыл сайынғы жазғы фестиваліне қатысатыны күтіліп отыр екен.

Вена көрермендері  қазақстандық жас өнерпаздардың шеберлігін жоғары бағалап, олардың орындауындағы туындыларды зор құрметпен тыңдады. Сондай-ақ, ұзақ қол соғып, гүл шоқтарын сыйлады. 

Барлық жаңалықтар