• Басты
  • А.Райымқұлова: Ұлы Жібек Жолының 16 қазақстандық ескерткіші Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енеді

А.Райымқұлова: Ұлы Жібек Жолының 16 қазақстандық ескерткіші Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енеді

31 Наурыз, 2016 12:34
Ұлы Жібек Жолының 16 қазақстандық ескерткіші Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова айтты.

 «Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау үшін халықаралық конвенцияларға қосылу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, соның нәтижесінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізімін өз мұраларымен толықтырып келеді. Айталық, бүгінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне Қазақстаннан 10 тарихи ескерткіш және Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне 3 рухани мұра енгізілген. Ұлы Жібек Жолының  16 қазақстандық ескерткіші Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енеді», - деп атап өтті ол.

Яғни, 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, 2004 жылы Алматы облысындағы Таңбалы  петроглифтері енгізілді. 2014 жылы аталған тізім 8 ескерткішпен толықтырылды. Олар – Ұлы Жібек жолының бойындағы Ақыртас, Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақтөбе, Талғар, Қойлық, Қарамерген археологиялық ескерткіштері. 

Бұдан бөлек, 2013-2022 жылдар аралығын ЮНЕСКО Бас конференциясы Мәдениеттер жақындасуының онжылдығы деп жариялағаны белгілі. БҰҰ Бас Ассамблеясының тарапынан кең қолдау тапқан бұл бастаманы  Қазақстан көтерген болатын.

«Осы ретте халықаралық қауымдастық алдындағы міндетін орындау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық  кәсіпорнын құрды. Бұл орталық жұмысы ұлттық мұраны сақтау және пайдалану саласындағы жобаларды, қолданбалы және ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, халықарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған», - деді А.Райымқұлова.

 

Барлық жаңалықтар