• Басты
  • Жаңалықтар
  • Нұрлан Жазылбеков: Жұмыспен толық қамтамасыз етілген жағдайда әйелдердің зейнеткерлік жасы көтеріледі

Нұрлан Жазылбеков: Жұмыспен толық қамтамасыз етілген жағдайда әйелдердің зейнеткерлік жасы көтеріледі

18 Қараша, 2013 18:16
Үкімет жұмыспен толық қамтамасыз ету жолында нақты шараларды қолға алуға дайын болғанда ғана әйелдердің зейнеткерлік жасын көтеру мәселесі қаралуы керек, деп мәлімдеді ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясының төрағасы Нұрлан Жазылбеков.

«Биылғы жылдың 8 сәуірінде зейнеткерлік реформаны талқылау барысында «Ақ жол» ҚДП фракциясы Үкімет жұмыспен толық қамтамасыз ету жолында нақты шараларды қолға алуға дайын болғанда ғана әйелдердің зейнеткерлік жасын көтеру керек екенін ресми түрде мәлімдеген болатын. Мыңдаған жұмыс орындарын ашпай, жүздеген өнеркәсіпті аяққа тұрғызбай зейнеткерлік реформа жасау бос әурешілік», - деді депутат.

Өздеріңізге белгілі болғандай, Президент Үкіметтің зейнеткерлік реформасына вето қойып, Парламентке қайтарған болатын.

«Н.Назарбаев сол кезде Үкіметтен аталмыш реформаның өзге де әлеуметтік мәселелердің шешіміне себеп болуын қамтамасыз ету керектігін тапсырды. Алайда нәзік жандылардың еңбегін қолдаудың орнына, мысалы қосымша ынталандыруларды енгізудің орнына, Үкімет керісінше одан ҮИИД МБ басым бағыттарын алып тастамақшы және бүгінге дейін қолданыста болған жеңілдіктерден де айырмақшы», - деді халық қалаулысы.

Сонымен қатар, фракция басшысы Үкіметте командалық жұмыстың жоқтығын, шешімді өзара келісе отырып қабылдау мен оны елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын негіздеудің кенже қалып отырғанын сынады.

«Сонда Үкіметте бір қолдың не істеп жатқанын екінші қол білмейді. Бір қолымен әйелдерді зейнетке шығарып жатса, екінші қолымен оларды жұмыс орындарынан айырып жатыр», - деп түйіндеді Н.Жазылбеков.

Барлық жаңалықтар