ОҚО-ның 30-дан астам кәсіпорны Ақтөбеде өтетін көрме-жәрмеңкеге қатысады

24 Наурыз, 2016 19:46
Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері мен шаруалары Ақтөбе облысында өтетін көрме-жәрмеңкеге аттанды. Ақтөбе облысының бастамасымен қолға алынған шарадағы көрмеге облысымыздың жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, құрылыс заттарын шығаратын кәсіпорындар секілді 30-дан аса кәсіпорны аттанып, онда кілем мен кілем өнімдері, мақта, сіңіргіш мақта, жиһаз, трансформатор, сорғылар мен дәрілік заттар, медициналық құрылғылар мен құрылыс заттары, азық-түлік өнімдері, сусын өндіру сынды өнімдерді келушілерге ұсынатын болады.

ОҚО әкімдігінде хабарлағандай, наурыз айының 26-27 күндері Ақтөбе қаласында өтетін шара Отандық өнімдерді қолдап, өңіраралық тауар айналымын жақсарту мен нарықтағы тауарларды көбейту мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Сонымен қатар, көрме-жәрмеңкеде өңіріміздің диқандары 175 тонна ауыл шаруашылық өнімдерін (жалпы құны – 83 555 000) саудалайтын болады. Атап айтқанда, жәрмеңкеде аймақ шаруалары 32 тонна ет өнімдері, 5 тонна қымыран, 76 тонна көкөніс, 19 тонна жеміс, 14 тонна картоп, 9 тонна сүт өнімдері, 30 мың дана жұмыртқа мен 20 тонна басқа да өнімдерді нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатып, Күнгейдің дархан пейілін көрсететін болады.

 

Барлық жаңалықтар