• Басты
  • Жаңалықтар
  • СІМ басшысы венгерлік әріптестерімен серіктестіктің тереңдеуін талқылайды

СІМ басшысы венгерлік әріптестерімен серіктестіктің тереңдеуін талқылайды

18 Қараша, 2013 17:20
Бүгін Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Венгрия Республикасында ресми сапармен жүр, деп хабарлады ОКҚ ресми өкілі Алтай Әбибуллаев бүгінгі брифингте.

«Қазақстанның Сыртқы істер министрінің Будапештке сапары 1992 жылы Венгриямен арада дипломатиялық қарым- қатынас орнатылғалы бергі алғашқы сапар болып табылады.

Будапешт қаласында бүгін саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ халықаралық мәселелер талқылануда. Ерлан Ыдырысов Премьер-министр Виктор Орбанмен, Мемлекеттік жиналысының спикері Ласло Кёвермен, Сыртқы істер министрі Янош Мартонимен және Ұлттық экономика министрі Михай Варгомен кездесулер өткізеді. Айта кету керек, Венгрияның аталған барлық ресми өкілдері Қазақстанда ресми сапармен болған. Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан – Венгрия әріптестігін әрі қарай тереңдетуге бағытталған екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.

Ал 20 қараша ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Брюссельде өтетін Еуропалық одақ-Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің 7-ші кездесуіне қатысады және Литваның Сыртқы істер министрі Линас Линкявичюспен кездесу өткізеді. Литва ағымдағы жартыжылдықта Еуроодақта төрағалық етеді, ал алдағы желтоқсан айында Вильнюсте Еуропалық Одақтың Саммиті өтеді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Ерлан Ыдырысовтың Еуропалық комиссар Андрис Пиебалгспен екіжақты кездесуі жоспарланып отыр», - деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, 20-22 қараша аралығында Ерлан Ыдырысов Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіне ресми сапармен барады, сапар барысында Ұлыбритания Парламенті Общиналар палатасы Сыртқы істер комитетінің Төрағасы Р.Оттоуэймен, Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Уильям Хейгпен, сондай-ақ Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Баронесса Саида Варсимен кездесулер өткізу жоспарланып отыр.Қазақстанның Сыртқы істер министрі сондай-ақ Қазақстан Елшілігінің Лондондағы жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысады.

Барлық жаңалықтар