• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қарағанды облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» нысандары бойынша баспасөз туры өтті

Қарағанды облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» нысандары бойынша баспасөз туры өтті

18 Қараша, 2013 16:45
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының орындалу барысын таныстыру мақсатында БАҚ-на арналған баспасөз турын ұйымдастырды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

«Республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралады, сонымен қатар Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларындағы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының үшінші бағытын іске асыру аясында салынған тұрғын үйлердің құрылысын көрді», - делінген хабарламада.

Теміртауда журналистер қоныстанушыларға арнайы тұрғызылған жаңа үйді аралады. Жалпы Теміртауға бағдарлама бойынша облыстың өзге аудандарынан және Ақтау ауылынан көшіп келген қоныстанушылар саны 160 отбасын (494 адам) құрады. Соның ішінде 160 отбасының басшысы мен 53 отбасы мүшесі жұмысқа орналасты.

Саран қаласында А.Құнанбаев атындағы гуманитарлық-техникалық колледж бен Қазақстанда телекоммуникация мен электроэнергетикаға арнайы тауар өндіретін ірі «Казцентрэлектропровод» ЖШС-нің нысандары журналистердің назарына ұсынылды.

Кәсіпкерлік басқармасының айтуынша, қазіргі таңда олар 1000-нан астам тауар түрін өндіреді. Ал өнімдері республиканың түкпір-түкпіріне шығарылуымен қатар, Ресей мен Өзбекстанға да экспортталады. ЖШС базасында бүгінде «ЖҚЖК-220» бағдарламасы аясында өндірістік тәжірибе ұйымдастырылды. Және де бағдарлама шеңберінде жас мамандар жергілікті гуманитарлық-техникалық колледжде білімдерін толықтырмақ.

Ал Шахтинск қаласында аталмыш бағдарлама бойынша қоныстанушыларға арнайы салынған тұрғын үй төртінші билік өкілдерінің назарына ұсынылды.

Айта кету керек, «ЖҚЖК-2020» бағдарламасы бойынша Шахтинск қаласында биыл өз кәсібін ашу немесе кеңейтуді мақсат еткен 10 кәсіпкерге 21,1 млн. тенге көлемінде шағын несие берілген. Ал олардың 9-ы кәсіпкерлік негіздері бойынша білімдерін толықтыру курсынан өтті.

Барлық жаңалықтар