Сайлаушылардың келуі жалпы республика бойынша 77,1 %-ды құрады

20 Наурыз, 2016 22:42
ҚР ОСК бүгiн елiмiзде таңғы сағат 7.00-ден кешкi 21.00-ге дейiн жалғасқан дауыс беру қорытындысымен сағат 22.30-да таныстырды. Елiмiздегi сайлау тiзiмiндегi сайлаушылардың 77,1%, яғни 7 млн 500 мың азамат дауыс берді. Мәлiметпен Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ОСК брифингі барысында таныстырды. Ол бұл көрсеткiш рекордтық деп атап өттi.

«Дауыс беру қорытындысы бойынша, кешкi сағат 20.00-дегi жағдайға сәйкес, 7 млн 500 мың сайлаушы өз конституциялық құқығын пайдаланды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, республика бойынша барлық сайлаушылардың 77,1% дауыс беруге қатысты. Өткен Мәжiлiс сайлауларының деректерiне салыстырғанда бұл рекордтық көрсеткiш», - деді Қ.Тұрғанқұлов.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін, 2016 жылғы 20 наурызда Мемлекет Басшысының 2016 жылғы 20 қаңтардағы «Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығына сәйкес республиканың барлық өңірлерінде партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру өттi. Сондай-ақ, бүгін Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарының кезекті сайлауы өткiзiлдi. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін 9840 сайлау учаскесінде ұйымдастырылды. Елдің батыс өңірлерінде: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында уақыттағы айырмашылыққа байланысты дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат кешкі 21.00-ге дейін жалғасты. Қазiргi таңда сайлаушылардың дауыстары саналуда. Сайлаушылар тiзiмiне барлығы 9 млн 791 мың 165 адам енгізілдi.
 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар