• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда 18.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 75%-дан астамы дауыс берді

Қазақстанда 18.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 75%-дан астамы дауыс берді

20 Наурыз, 2016 19:23
Орталық сайлау комиссиясының мүшесi Марат Сәрсембаев брифинг барысында сағат 18.00-ге дейін еліміздегі сайлаушылардың 75,16 %-ы дауыс бергенін мәлімдеді. Айта кетейік, елiмiзде бұрын өткен сайлаулармен салыстырғанда бұл рекордтық көрсеткiш саналып отыр. Бұл сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әділ әрі ашық өтіп жатқанын айғақтайды.

«Сағат 18.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың сайлауға келуі туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынамын. Облыстардың, Астана және Алматы қалалары сайлау комиссияларының мәліметіне сәйкес, тізімге енгізілген сайлаушылардың 75,16 % сайлау бюллетендерін алды. Олардың ішінде Алматы облысында 92,67%, Ақмола облысында 78,68%, Ақтөбе облысында 78,28%, Атырау облысында 82,91%, БҚО бойынша 70,03%, Жамбыл облысында 79,97%, Қарағанды облысында 76,74%,  Қостанай облысында 82,57%, Қызылорда облысында 79,84%, Маңғыстау облысында 73,12 %, ОҚО бойынша 83,4%, Павлодар облысында 70,55%, СҚО бойынша 80,09%, ШҚО бойынша 80,52%, Астана қаласы бойынша 73,78%, Алматы қаласы бойынша 32,23%», - деді М.Сәрсембаев.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін, 2016 жылғы 20 наурызда Мемлекет басшысының 2016 жылғы 20 қаңтардағы «Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығына сәйкес республиканың барлық өңірінде партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру өтіп жатыр.

Сондай-ақ, бүгін  Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарының кезекті сайлауы өтуде. Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-ден  кешкі сағат 20.00-ге дейін 9840 сайлау учаскесінде ұйымдастырылады. Елдің батыс өңірлерінде: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында уақыттағы айырмашылыққа байланысты дауыс беру Астана уақыты бойынша сағат кешкі 21.00-ге дейін жалғасады. Бүгінгі таңда 9 млн 791 мың 165 адам сайлаушылар тізіміне енгізілген.

 

Барлық жаңалықтар