• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚХА төрағасының орынбасары мен Румыния парламентінің өкілдері қоғамдық келісім моделін талқылады

ҚХА төрағасының орынбасары мен Румыния парламентінің өкілдері қоғамдық келісім моделін талқылады

17 Наурыз, 2016 17:47
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушiсi Ералы Тоғжанов Румыния Парламентi депутаттары палатасы төрағасының орынбасары Флорин Иордакемен кездестi.

«Қазақстан аумағында 920 этномәдени орталық жұмыс iстейдi. Олар елiмiздiң барлық өңiрiнде орналасқан. Сондай-ақ, 6 ұлттық театр, 37 этностық бұқаралық ақпарат құралы, туған тiлдi үйретуге арналған 192 орталық бар. Бiр сөзбен айтқанда, елдегi барлық этностарға бар жағдай жасалған», - дейдi Е.Тоғжанов.

Ералы Тоғжанов Қазақстанда 20 мың этностық румын тұратынын және румын-молдовандар қауымдастығы жұмыс iстейтiнiн атап өттi. Және де Румыния өкiлдерiн ҚХА-дан Мәжiлiске 9 депутат сайлау бойынша 21 наурызда өтетiн Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысуға шақырды.

Ал Иордаке мырза Румыния Қазақстанның этносаралық келiсiм саласындағы оң тәжiрибесiн және елiмiзде жүргiзiлiп отырған бейбiтшiлiк пен келiсiм саясатын жоғары бағалайтынын жеткiздi.

«Мен парламенттiк байланыс жұмысына жауап беремiн және бiздiң елдер арасында жақсы экономикалық және саяси қарым-қатынастың орнатылғанын айта аламын. Екi елдiң қарым-қатынасы дамып келедi. Румынияда көптеген қазақстандық зауыт және керiсiнше, Қазақстанда румындық зауыттар ашылып жатыр. Сондықтан өзара экономикалық даму қарқынын жақсарту үшiн парламенттiк байланысты дамыту керек», - дейдi Ф.Иордаке.

Кездесуге қатысушылар халықаралық әрiптестiк аясында Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара iс-қимыл мәселелерiн талқылады және қоғамдық келiсiм мен жалпыұлттық бiрлiктiң қазақстандық үлгiсiнiң ерекшелiктерiне тоқталды.

 

Барлық жаңалықтар