• Басты
  • Жаңалықтар
  • Астанадағы жәрмеңкеде 20 жұмыс беруші мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс орындарын ұсынды

Астанадағы жәрмеңкеде 20 жұмыс беруші мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жұмыс орындарын ұсынды

17 Наурыз, 2016 10:51
Астанада «Нұр Отан» партиясының қамқорлығымен «Кедергісіз келешек» атты мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бос жұмыс орыны жәрмеңкесі өтіп жатыр. Аталмыш шараға 120 жұмыс орынын ұсына алатын 20 жұмыс беруші қатысуда.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру, оларды әлеуметтік қорғау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

«Өткен жылы осындай жәрмеңке қазан айында ұйымдастырылған еді. Оған 200 адам қатысып, оның 27-і жұмысқа орналасқан болатын. Негізгі бос орындар отырып жұмыс істейтін салаларда. Мысалы, мұнда медициналық тіркеу, мұрағатшы, медбике, санитар, күзетші, кітапханашылардың бос жұмыс орындары бар»,-деді Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ-ң баспасөз хатшысы Гүлнәр Жұпарбек.

Оның айтуынша, бүгін жұмыс берушілер қабілеті бар азаматтармен әңгімелесу өткізіп, біреулерді жұмысқа алатын болса, қалғандарын тіркеуге қоятын болады. Сонымен қатар, жұмыссыздар жұмысқа орналасу туралы, жастар практикасы жайында, әлеуметтік жұмыс орындары жөнінде және «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қайта оқу мүмкіндіктері туралы ақпараттар алатын болады.

Барлық жаңалықтар