• Басты
  • Елордада жастарға жұмыс табуға көмек көрсетілуде

Елордада жастарға жұмыс табуға көмек көрсетілуде

17 Наурыз, 2016 12:48
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басты корпусының атриумында жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтеді. Шара барысында техникалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Профильді бос орындар жәрмеңкесіне «ҚазТрансГаз» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Транстелеком» АҚ және т.б. сияқты 40-тан астам компания қатысады. Жалпы, жастарға 200-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылмақ.

Жәрмеңке ЖОО, арнайы орта оқу орындары түлектерінің және елордалық жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін өткізіледі. Ұйымдастырушылар үшін техникалық саладағы тәжірибелі жас мамандар мен жаңа бастағандарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету маңызды. Бұл елордалық жастар үшін техникалық саладағы бос жұмыс орындарын зерттеудің және бірнеше жұмыс берушімен тікелей сөйлесудің бірден-бір мүмкіндігі.

«Бұл алғашқы салалық бос орындар жәрмеңкесі. Ол техникалық мамандықтар бойынша жұмыс іздеп жүрген қыз-жігіттер үшін ұйымдастырылмақ. Әр жұмыс беруші жастарға бестен артық бос жұмыс орнын ұсынады. Шараға 18-29 жастағы жастар, сондай-ақ, қосымша ақша тапқысы келетін студенттер қатысады. Олар өздерін болашақ жақсы маман ретінде көрсете алады», – деді Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ жұмысқа орналастыру және кәсіптік бағдарлау бөлімінің басшысы Айдана Мұсатаева.

Алдағы уақытта салалар бойынша осындай жәрмеңкелерді екі айда бір рет өткізу жоспарланып отыр. Мысалы, келесі жолы гуманитарлық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады. Бағыт нарықтың сұранысы бойынша таңдалады. «Астана жастары» КММ қызметкерлері Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп аса қажетті мамандықтар мониторингін жүргізеді. 

 

 

Барлық жаңалықтар