ҚР ОСК: Саяси партиялардың саяси пікірсайысы өтті

16 Наурыз, 2016 18:31
2016 жылғы 16 наурызда Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысушы саяси партиялардың саяси пікірсайысы болды, деп хабарлады ОСК.

Телепікірсайысқа партиялық тізімдері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында тіркелген барлық алты саяси партияның өкілдері қатысты.

Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Исабекұлы Мырзахметов,  Қазақстан Коммунистік Халық партиясының Құрметті Хатшысы Владислав Борисович Косарев, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» Демократиялық Партиясының Төрағасы Азат Тұрлыбекұлы Перуашев, «Бірлік» Саяси Партиясы Төрағасының орынбасары Роза Сақтағанқызы Қуанышбаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Жалпыұлттық Азаматтық Жиналысының өкілі Зәуреш Қабылбекқызы Батталова, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Төрағасы Әли Әбдікәрімұлы Бектаев.

Саяси партиялар өкілдерінің сөз сөйлеу реті ҚР ОСК партиялық тізімдерді тіркеу кезектілігіне сәйкес айқындалды. Пікірсайыс үш раундта өтті. Бірінші, екінші раундтар екі турдан болды.

Бірінші раундтың брінші турында пікірсайысқа қатысушылар «Әлемдік экономиканың жаңа болмысы: проблемалары және перспективалары» тақырыбы бойынша сөз сөйледі.Бірінші раундтың екінші турында пікірсайысқа қатысушылар аталған тақырып бойынша сұрақтармен және жауаптармен алмасты. Екінші раундтың бірінші турында пікірсайысқа қатысушылар «Инфрақұрылым, көлік, логистика: Қазіргі заман жағдайларындағы жаңғырту» тақырыбында сөз сөйледі.Екінші раундтың екінші турында пікірсайысқа қатысушылар жүргізушінің сұрағына жауап берді.Үшінші раундта саяси партиялардың өкілдеріне сайлаушыларға арнап сөз сөйлеу мүмкіндігі берілді.

Теледидарлық саяси пікірсайыс барысында партиялардың өкілдері регламентте ұсынылған уақыт шеңберінде өз партиясының платформасын мазмұндап, сайлаушыларды 2016 жылғы 20 наурыздағы сайлауда дауыс беруге қатысуға шақырды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға қатысушы саяси партиялардың пікірсайысы «Хабар» республикалық теледидар арнасының эфирінде 2016 жылғы 16 наурыз күні сағ. 22:30-да көрсетіледі.


 

Барлық жаңалықтар