• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру үшін 1100-ден астам ақтөбелік арыз берді

Ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру үшін 1100-ден астам ақтөбелік арыз берді

16 Наурыз, 2016 16:32
Ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру үшін 1100-ден астам ақтөбелік арыз берді. Бұл туралы «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.

Ипотекалық және/немесе ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банкте жүзеге асырылып жатыр.

“2016 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстан бойынша ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру бағдарламасы ааясында 19 мыңнан астам арыз берілген. Олардың ішінде сомасы 76 млрд теңге болатын 12 421 арыз мақұлданды. Арыз қабылдау жұмыстары жалғасуда. Ұлттық банк бөлінген қаражатты игеру темпін арттыру үшін шаралар қолға алып жатыр. Ақтөбе облысы бойынша 1136 арыз берілген. Сомасы 3,7 млрд теңге болатын 760 арыз мақұлданды”, - деп хабарлады қаржылық реттеу құрылымының басшысы.

Данияр Ақышевтің айтуынша, Ақтөбе облысының әкімдігі ипотекалық тұрғын үй займы немесе ипотекалық займды қайта қаржыландырудан бас тартылған борышкерлердің арызын қарау комиссиясы қызметі аясында жақсы жұмыс істеді. Ұлттық банктің тұрғындардың ипотекалық қарызын өтеуге ықпал ету үшін жұмысты кұшейтетінін де атап өтті.

“Біз облыстық әкімдікпен бірлесе отырып, борышкерлерге қарызды өтеуге ықпал ету бойынша, әсіресе, Ұлттық банк өкілдері мен әкімдік, банк жетекшілерінің қатысуымен жеке кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ, қарызын өтей алмайтын борышкерлерді еңбекпен қамту мәселелерін қарастыру арқылы жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отырмыз, - деді Ұлттық банк басшысы.  

Данияр Ақышевтің айтуынша, Ұлттық Банк бағдарламаның жүзеге асырылуына тұрақты мониторинг жүргізіп, неғұрлым көбірек борышкерді қамту үшін өзгерістер енгізіп отырады. Дәлірек айтқанда, Ұлттық Банк басқармасының алдағы отырысында қаражатты игеру мерзімін 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту, банктер мен бағдарламаның өзге де қатысушылары тізімін көбейту, т.б. өзгерістулер мүмкіндіктері қарастырылады.

Барлық жаңалықтар