• Басты
  • Жаңалықтар
  • Еуразиялық топ Павлодар облысының әлеуметтік жобаларына 1,75 млрд теңге инвестициялайды

Еуразиялық топ Павлодар облысының әлеуметтік жобаларына 1,75 млрд теңге инвестициялайды

15 Наурыз, 2016 19:52
Еуразиялық топ (ERG) пен Павлодар облысы әкімдігі арасында 2016 жылға арналған әлеуметтік жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Құжатқа Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев және Еуразиялық топ басқармасының төрағасы Алдияр Қазтаев қол қойды.

Биылғы жылы Еуразиялық топ Павлодар өңірі үшін маңызы зор, құны 1,75 млрд. теңгені құрайтын экономикалық, инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени жобаларды қаржыландыру міндетін өз мойнына алды.

2012-2015 жылдары компания осы мақсатқа 8,4 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсады. Бұл Ақсу қаласында Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт сарайының және жабық хоккей кортынының құрылысы, Екібастұз қаласында балалар музыка мектебі және Павлодар қаласында спортта дарынды балаларға арналған жүзу бассейнінің құрылысы, трамвай вагондарын сатып алу, мектептердің күрделі жөнделуі, балалар және спорт алаңдарын жабдықтау сынды ірі жобалар.

Балаларға арналған білім беру және мамандандырылған мекемелерге, сондай-ақ ардагерлер мен халықтың осал топтарына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп тұрады. Аймағымыздың кәсіпорындары үшін мамандарды оқытып шығаратын колледждердің материалдық-техникалық базасы жарақталды. Ақсу қаласында кинозал ашылды. Спорттың хоккей, футбол, волейбол және дзюдо сынды салаларын дамытуға да қомақты қаржы жұмсалды.

Меморандум шеңберінде білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру мекемелеріне, мәдениет және спорт нысандарына қолдау көрсетуді, елді мекендерді абаттандыруды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.

Ең ірі деген инфрақұрылымдық жобалардың ішінде Екібастұз қаласындағы балабақша ғимаратын қалпына келтіру, Ворушин көшесі бойындағы саябақты күрделі жөндеу, балалар және спорт алаңдарын жабдықтау және орамішілік аумақтарды абаттандыру жұмыстары бар. Халықтың дене тәрбиесімен және спортпен айналысу ауқымын арттыру мақсатында спортты дамытуға және дәріптеуге айтарлықтай қаржылық көмек көрсетілетін болады,- деп атап өтті әкім.

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар