• Басты
  • Жаңалықтар
  • Иран инвесторлары Ақтөбе облысында өсімдік шаруашылығымен айналысуға ниеттеніп отыр (ФОТО)

Иран инвесторлары Ақтөбе облысында өсімдік шаруашылығымен айналысуға ниеттеніп отыр (ФОТО)

15 Наурыз, 2016 10:02
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Иранның «Джахад-э-Сабз» компаниясы директорлары Кеңесінің Төрағасы Хамиди Эсфахани Можтава Алиризамен кездесті. «Джахад-э-Сабз» - Иран елінің ауыл шаруашылығын дамыту саласындағы жетекші компаниялардың бірі, деп хабарлады “Ақтөбе ақпарат”.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Ақтөбе облысы мен Иран мемлекетінің арасындағы негізгі тауар айналымы, негізінен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің, оның ішінде бидай мен арпа экспортынан тұрады.

“Біз экспорт көлемін арттыру және сауда-экономикалық қатынастарды жақсарту мақсатында Ақтөбе облысы және Иран мемлекетінің бизнес-қауымдастығы өкілдері ынтымақтастығын орнатуға мүдделіміз”, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде, Хамиди Эсфахани Можтава Алириза Ақтөбе облысының әкіміне аумақта өсімдік шаруашылығын дамыту үшін Иран мемлекеті инвестиция құюға дайын екендігін жеткізді. Дәлірек айтқанда, «Джахад-э-Сабз» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы дәнді дақыл егу үшін 100 мың гектар алқап бөлуге ықпал етуін сұрады. Бұл ретте шетелдіктер астық өсірумен шектелмей, өңірде егістік жер құнарлылығы көрсеткішін жақсарту жұмыстарын жүргізуге ниеттеніп отыр.

“Облыста майлы дақыл, бидай, арпа, тары, картоп, көкөніс және бақша өнімдерін егуге болатын 1,2 миллион егістік алқап бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, суармалы алқап көлемін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз сіздің ұсыныстарыңызды қолдаймыз, қажет болған жағдайда қолдау танытамыз”, - деді аймақ басшысы шетелдік мейманға.

Кездесу барысында биыл Иран компаниясына 10 мың гектар жер беру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Шетелдіктер жергілікті шаруа қожалықтарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жұмыстарын қолға алмақ. Ирандықтар сұраған 100 мың гектар алқап 2017 жылы бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Барлық жаңалықтар