2016 жылы Мәртөк ауданында 31,5 млрд. теңге инвестиция тартылады (ФОТО)

14 Наурыз, 2016 20:09
2016 жылы Мәртөк ауданында 31,5 млрд. теңге инвестиция тартылады. Бұл туралы «Ақтөбе Ақпарат» орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауов хабарлады.

2015 жылдың қорытындысы бойынша, Мәртөк ауданының негізгі капиталына 1,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биылғы жылы бұл көрсеткіш бірнеше рет артуы мүмкін. 2016 жылы жалпы құны 31,5 млрд теңге болатын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асырылады. Ол жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Аталған жобалар жүзеге асырылғанда ауданда 440 жаңа жұмыс орны ашылады.

“2016 жылы инвестициялар есебінен ауданда қуаттылығы тәулігіне 8 тонна сүт қабылдайтын цех ашылады. «Жел Энерго» ЖШС қуат көздері есебінен сағатына 1 млн кВт электр энергиясын өндіре бастайды. Инвестициялық жобалар сонымен бірге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі бойындағы сервис нысандарының құрылысына да тартылады. Сондай-ақ, 2016 жылы Мәртөк ауданында дайын комбинирленген жем және премикс өндіретін цех құрылысы басталады. Жобаның құны 7 млрд теңге. Онда сағатына 31 тоннадан астам комбижем, 3 тоннаға жуық аралас жем өндіретін болады. Өнім 2017 жылы нарыққа шығарылады”, - деді Нұржауған Қалауов.

Әкімнің айтуына қарағанда, 2016 жылы Мәртөк ауданына тартылған инвестиция көлемі артуы мүмкін. Қазіргі таңда мемлекеттік – жекеменшік серіктестік аясында балабақша ашу үшін инвесторлар тарту шаралары қолға алынуда. Бүгінде аудан мектепке дейінгі мекемелермен 96,6%-ға қамтылған, ауданда 12 балабақша мен 26 шағын орталық жұмыс істейді.

Барлық жаңалықтар