Мәртөк ауданында жол бойындағы сервисті дамытуға 1 млрд. теңге жұмсалады

14 Наурыз, 2016 18:36
Мәртөк ауданында жол бойындағы сервисті дамытуға 1 млрд. теңге жұмсалады. Бұл туралы «Ақтөбе Ақпарат» орталығында өткен баспасөз конференциясында Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауов хабарлады.

Мәртөк ауданының аумағы арқылы халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомобиль жолы мен «Алматы - Мәскеу» теміржолы өтіп жатыр.

“Ауданның шекаралас аумақта орналасуы және дамыған автомобиль, теміржол қатынастарының болуы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді. Мәселен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойындағы сервисті дамытуға ауқымды қаражат тартылып жатыр, нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады”, - деп атап өтті аудан әкімі.

«Ақтөбе Ақпарат» орталығы хабарлағандай, Мәртөк ауданында автомагистраль бойындағы сервис нысандарының құрылысына 26 жер телімі бөлінді. Қазіргі уақытта 4 телім игеріліп, кемпинг, дәмхана-дүкен, екі автогаз құю бекеті салынды.

Нұржауған Қалауовтың айтуына қарағанда, 2016 жылы тағы екі кемпинг пен автогаз құю бекеті салынады. Жалпы, жол бойы сервистері нысандарының құрылысына бөлінген жер телімдері 2018 жылға дейін толық игерілетін болады. Мәртөк ауданы арқылы өтіп жатқан халықаралық автомагистраль бойында 8 автогаз құю бекеті, 13 тамақтану орны, 8 қонақ үй,  сонымен бірге 8 техникалық қызмет көрсету бекеті салынады деп күтілуде.

Аталған нысандардың құрылысына, алдын ала мәліметтер бойынша, 950 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. 300 жаңа жұмыс орны пайда болады.

Барлық жаңалықтар