• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алматы облысының 6 спортшысы Рио-де-Жанейрода Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия ұтып алды

Алматы облысының 6 спортшысы Рио-де-Жанейрода Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия ұтып алды

11 Наурыз, 2016 20:08
Бүгінге дейін Алматы облысының 6 спортшысы Рио-де-Жанейрода өтетін XXXI Жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға лицезия ұтып алды, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Олар Зульфия Чиншанло мен Светлана Подобедова,  Сұлтан Дүзелбаев пен Гүлжанат Жанатбек, Иван Иванов және Раушан Қойшыбаева. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың өңір спортшыларымен кездесуі барысында белгілі болды.

Жылдағы дәстүр жалғастырылып, жүздесу барысында 2015 жылдың қорытындысы бойынша халықаралық жарыстардың жеңімпаздары, жаттықтырушылар, спорт комментаторлары марапатталды. «Жетісу» кәсіби клубы мен үздік спорт мекемелерінің жұмысы да аталып өтілді.

Кездесу барысында қол жеткен жоғары жетістіктері үшін спортшыларға ризашылығын білдіріп, облыста спортты дамыту мен спортшыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Сондай-ақ спортшылардың табысқа жетуіндегі жаттықтырушылардың үлесіне ерекше тоқталып өтті.

«Өткен жылы Алматы облысының спортшылары едәуір жетістіктерге жетіп, әртүрлі деңгейдегі жарыстарда 1251 медаль жеңіп алды. Оның 468-і – алтын, 345-і – күміс, 438-і – қола. 108 спортшы спорт шебері, 440-ы спорт шеберлігіне кандидат атанды. Табандылықтарыңыз бен табыстарыңыз үшін алғыс айтамын. Өз кезегінде облыс тарапынан қажетті қолдаулар мен көмек көрсетілетін болады», - деді А. Баталов.

Кәсіби футбол клубының ойыншыларына облыс әкімі футбол клубын дамытуға барлық жағдайлар жасалып отырғанын, ендігі ретте оның қайтарымы жақсы көрсеткішпен - жеңісті ойындармен өтелуі керектігін атап өтті.

Мұнан соң Амандық Ғаббасұлы үздік спортшылар мен жаттықтырушыларға 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар тапсырды. Сонымен қатар 500 мың теңгенің сертификаттары «Жетісу» кәсіби волейбол клубына, Олимпиада резевтерін дайындайтын № 1 Талдықорған арнайы балалар мен жасөспірімдер мектебіне, Талдықорған қалалық спорт бөліміне берілді.

«Олимпиада ойындары –мықты да талантты спортшылар үшін өте салмақты сынақ. Олимпиадаға қатысу жоғары жетістік болуымен қатар аса үлкен жауапкершілік жүктейді. Рио-де-Жанейрода жақсы өнер көрсетіп, елімізге жеңіс медальдарымен оралуларыңызға тілектеспін», - деді облыс әкімі А. Баталов.

Жалпы, биылғы жылы Алматы облысында спортты дамытуға 4 млрд. 691 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржы қолданыстағы спорт мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға, күрделі жөндеу жүргізуге бағытталатын болады.  

 

Барлық жаңалықтар