• Басты
  • Жаңалықтар
  • ОҚО-ның Жергілікті полиция қызметі азаматтарды қоғамдық көмекші ретінде тартуды жоспарлауда

ОҚО-ның Жергілікті полиция қызметі азаматтарды қоғамдық көмекші ретінде тартуды жоспарлауда

11 Наурыз, 2016 18:11
ОҚО-ның облыс әкімдігінде Жергілікті полиция қызметі (ЖПҚ) жұмысының алғашқы қорытындысы мен алдағы жоспарларына арналған мәжіліс өтті, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» - Ұлт жоспарын орындау аясында Қазақстанның барлық өңірлерінде жергілікті полиция қызметі құрылған болатын.

Жиында негізгі баяндамашы ретінде ОҚО Жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Абылаев болды.

Құрылым басшысының айтуынша, ОҚО-да жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыру бойынша қажетті шаралардың барлығы жасалған.

Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметінің басшысы жаңадан құрылған құрылымның алдында тұрған басым және бірінші кезектегі тапсырмалар ретін атады. Мәселен, құқық қорғау саласының жағдайына сағат сайын егжей-тегжейлі мониторинг жүргізіп, шұғыл жағдайдың алдын алу шараларына тез арада кірісу қажет.

Оның ішінде, әрбір қызметкердің жұмыс уақытын тиімді пайдаланып, қоғам игілігі үшін жұмыс істеу ләзім. Сонымен қатар, жеке құрамды қызметіне лайықсыз қызметкерлерден тазартып, ондағы тәртіпті нығайту аясында түбегейлі шаралар қабылдап, жергілікті полиция қызметінің жергілікті атқарушы және өкілдік органдармен, халықпен қарым-қатынас механизмін әзірлеп, құру керек. Бұл қатынас жан-жақты және барынша нәтижелі болуы тиіс.

Сондай-ақ, жергілікті полиция қызметінің бастығы құрылым жұмысының сәтті жүруі үшін жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдаудың жасалып жатқанын айтты.

Кездесу соңында өңір басшысы жергілікті полиция қызметіне бірқатар нақты тапсырмаларды жүктеді. Атап айтқанда, жаңа құрылым азаматтарды қоғамдық тәртіп орнатуда қоғамдық көмекші ретінде тартуы тиіс. Сондай-ақ, бұдан былай, ұсақ-түйек құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік таныту принципі мәселесіне ерекше назар аударылатын болады.

Барлық жаңалықтар