• Басты
  • Жаңалықтар
  • Голландтық кәсіпкерлер Павлодар облысының түрлі салаларына жаңа технологияларды енгізуге дайын

Голландтық кәсіпкерлер Павлодар облысының түрлі салаларына жаңа технологияларды енгізуге дайын

10 Наурыз, 2016 18:51
Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Нидерланды корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ханс Дриссермен, Нидерланды Елшілігінің саяси мәселелер, адам құқығы және жобалар жөніндегі үйлестірушісі Ирина Бучинскаямен және Бельгия корольдігі елшісінің саяси, экономикалық және мәдени мәселелер жөніндегі көмекшісі Дарья Суходольскаямен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екі жақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін және алдағы сайлауға  қатысты мәселелерді талқылады.

Павлодар облысы – Қазақстанның тұрақты дамып келе жатқан ірі индустриалды аймағы. Біз өзара тиімді байланысқа әрқашанда дайынбыз, - деп атап өтті аймақ басшысы өз сөзінде. Ішкі аймақтық өнімнің басым бөлігін экономиканың нақты секторы: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс құрайды. Павлодар облысы алыс-жақын шетелге өзінің алюминийімен, көмірімен және электр энергиясымен танымал. Біздің өңір ферроқорытпалардың негізгі өндірушісі болып табылады. Аймағымызда мұнай өнімдері де үлкен көлемде өндіріледі. Қазақстандағы мұнай өңдейтін үш зауыттың бірі Павлодарда орналасқан,- деді Қ.Бозымбаев.

Біз голландтық компаниялармен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында инвестициялар тарту және жаңа технологияларды енгізу бойынша әрекеттестікке мүдделіміз, - деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Қазіргі таңда Екібастұз қаласындағы жылыжай кешені раушан гүлдерін өсіру үшін голландтық технологияларды тиімді пайдалануда. 

Қазақстанның төрт облысымен және Ресей Федерациясының үш үлкен облыстарымен көршілес орналасқан Павлодар өңірінің бәсекелестікке қабілетті жоғары.

Сондай-ақ, облыс маңызды табиғи ресурстарға бай. Өңірде түрлі жобаларды жүзеге асыруға болатын арнайы жер телімдері және арзан электр энергиясының көздері бар Арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді.

Өз кезегінде Нидерланды корольдігінің елшісі Ханс Дриссер голландтық бизнесмендердің өзара әрекеттестікке, тәжірибе алмасуға және жаңа технологияларды енгізуге дайын екендігін айтты. Сонымен бірге, елші ағымдағы жылдың 20-шы наурыз күні ҚР Парламентінің Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға өтетін сайлауға жеке тоқталды.  

Барлық жаңалықтар