• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ұлыбритания спортшылары 2017 жылы Алматыда өтетін Универсиадаға дайындық ретінде алғашқы жаттығуларын бастады (ФОТО)

Ұлыбритания спортшылары 2017 жылы Алматыда өтетін Универсиадаға дайындық ретінде алғашқы жаттығуларын бастады (ФОТО)

10 Наурыз, 2016 20:43
Ұлыбританияның университеттері мен колледжері одағының спортшылары Алматыда өтетін қысқы Универсиада ойындарына дайындықтарын бастады. Ұлыбритания командасы сапында 90 спортшы Алматыға келмек. Қазір оларды іріктеу мақсатында оқу-жаттығу жиындары өтуде, деп хабарлады Универсиаданы ұйымдастыру дирекциясы.

«Қазір біз студент спортшыларды жан-жақты іріктеуді бастадық. Сыннан сүрінбегендер, келер жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға барады. Біз Ұлыбританияның барлық спорт федерацияларымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олар біздерге жаттығу жұмыстарына көмек қолын созуда. Хоккейден ерлер құрамасы 29-шы қаңтар күні, 2017 жылғы қысқы Универсиадаға тура бір жыл қалған уақытта дайындықтарын бастап кетті»,-деді Ұлыбритания университеттері мен колледждері одағының өкілі  Нил Роджерс.

Алматыдағы қысқы ойындарға Ұлыбритания атынан 90 спортшы келеді деп жоспарланған. «FISU қанаты астындағы Универсиада ойындары- жауапты әрі қызықты, жоғары деңгейлі жарыс. Біз Алматыдағы қысқы ойындарды асыға күтудеміз, Қазақстанның мәдениетімен, халқымен жақынырақ танысқымыз келеді», - деді Н.Роджерс.

Ұлыбританияның студенттік-спорттық ұйымы Алматы қаласындағы жарыстың олар үшін қызықты боларын жасырмайды. Өйткені бұған дейін Универсиада ойындары өткен Трентино (2013) мен Гранада (2013) қалалары Ұлыбританияға жақын болғандықтан, спортшылар үшін аса таңсық болмаған.  

Сондай-ақ, ұлыбритандықтар 2017 жылғы Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді.

Ұлыбритания құрамасы Универсиадаға қатысушылардың барлығына ұмытылмастай қызықты сәттер тілейді. «Біз 2017 жылғы Универсиадада, 2018 және 2022 жылғы Олимпиададағы негізгі қарсыластарымызбен жолығуға асықпыз»,-дейді олар.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда өтетін қысқы Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпан аралығында өтеді.  Жарыстар 8 спорт нысанында, 12 спорт түрінен өтеді. 2016 жылдың 10 наурыздағы ақпаратына сәйкес, 55 мемлекет Алматыдағы қысқы ойындарға қатысатынын растаған.

 

Барлық жаңалықтар