• Басты
  • Қазақ тілі орта мектептерде өзгеріссіз оқытылады - БҒМ

Қазақ тілі орта мектептерде өзгеріссіз оқытылады - БҒМ

10 Наурыз, 2016 15:03
Қазақ тілі орта мектептерде өзгеріссіз оқытылады, деді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

«Бізде орыс тілінде оқытатын мектептер де бар. Оларда да көптеген қазақ жастары оқиды. Шынын айтсақ, осы жастардың көбі, тіптен қазақ жастарының көбі қазақ тілін дұрыс білмейді, дұрыс түсінбейді. Осындай себептерге байланысты біздегі білім алу жүйесінде тепе-теңдік жоқ, жастардың бәрі бір деңгейде сапалы білім алуына жағдай жасалмаған. Біздің мақсатымыз – осындай қайшылықтарды жойып, жастарға, әсіресе ауылда жүрген жастарға, бәріне бірдей сапалы, заман талабына сай білім беру», - деді ол.

Дәлірек айтсақ, болашақта үш тілде сапалы дәріс беретін бір типті білім беру жүйесін құру. Осы үш тілде де әр бала еркін сөйлеп, бір-бірін түсіне білуі тиіс және де әлем елдеріндегі озық білімді игере білуі қажет. Бұл бір жылдың шаруасы емес, бірақ оны уақытты жоғалтпай бастау керек.

«Биылғы жылы осы реформалардың алғашқы қадамы жасалып отыр. Осыған байланысты ең бірінші айтарым: әзірше жалпы қазақ тілінің орта мектептегі оқу бағдарламасы бұрынғы қолданыстағы күйінде жалғастырылады. Сонымен қатар орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінің сағаттарын көбейтіп, оның сапасын арттыру керек.
Жаратылыстану (химия, физика, биология, информатика) пәндерін үш тілде, оның ішінде қазақ тілінде де жаңа әдістемемен оқыту көзделіп отыр. Сондықтан биылғы жылдан бастап 73 мың мектеп мұғалімі жаңа әдістемеге арнайы дайындалады», - деді Е.Сағадиев.

Осы мақсатта және әлемдегі озық тәжірибені кеңінен қолдану үшін биыл 2.5 мың мектепті кең жолақты интернет желісіне қосамыз. Аталған іс-шаралар Елбасы бекіткен бағдарламада нақты көрсетілген және оған тиісті қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар, 73 мың мектеп мұғаліміне жаңа әдістемені үйрететін 80 маман Назарбаев Зияткерлік мектептерінде дайын тұр.

2017 жылдан бастап тағы 2.5 мың мектеп кең жолақты интернет желісіне қосылады. Осының арқасында Қазақстанда ақпараттық технологиялар мен жаңа әдістемелер арқылы жұмыс істейтін білім беру жүйесі қалыптасады. Яғни интернет желісі барлық мектептерге сапалы білімді әкелуге мүмкіндік туғызады. Осыдан кейін ғана кейбір жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде оқыту басталады. Шамамен ол 2018 жылдан басталады деп отырмыз. Тек балалар дайын болғанда ғана ҰБТ-ға ағылшын тілі сұрақтарын қоса бастаймыз.

Осының бәрі не үшін қажет деген сұрақ туындауы мүмкін. Әлемдегі ғылым жаңалықтарын қазақ тіліне аудару керек дейді кейбір ағайындар. Дұрыс-ақ болар еді, бірақ әлемде біздің жастарға керек, күніне мыңдап емес миллиондап шығып жатқан ғылым мен өмір жаңалығын дер кезінде қазақ тіліне аудару тіпті мүмкін емес. Оған қаражат та, басқа мүмкіндіктер де жоқ. Оның қиындығын үлкен халық француздар да түсініп отыр. Бұрын француз мектептерінде ағылшын тілі оқытылмайтын еді. Қазір оны оқыту заң түрінде барлық француз мектептеріне енгізілді. Бізге де тиімді жол осы деп есептейміз. Қазақ жастарына, әсіресе, ауыл балаларына өз ана тілімен қатар ағылшын тілін үйретсек, сонда ғана олар өздеріне қажетті білімді әлем кеңістігінде дер кезінде және еркін таба алады. Оларға ең тиімді жоғары оқу орындарына жол ашылады.

Ал, қазақ тілі туралы айтар болсақ, бізде ана тілімізді жан-жақты, жедел, тиімді үйрететін әдістеме жоқ. Кейбір елдерде (мысалы, ағылшындарда, финдарда) өз халқының тілін өздеріне және басқа ұлттарға 4-6 ай ішінде үйрететін тиімді әдістемелер бар. Осындай әдістемелердің жоқтығынан біздер мектепте қазақ тілін айлап, жылдап оқытсақ та тиісті нәтиже шығара алмай келеміз.

 

 

 

Барлық жаңалықтар