• Басты
  • Жаңалықтар
  • РДО Зертханалық медицина орталығы халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алды

РДО Зертханалық медицина орталығы халықаралық сарапшылардың жоғары бағасын алды

9 Наурыз, 2016 20:26
Республикалық диагностикалық орталықтың Зертханалық медицина орталығында «Медициналық зертханалар. Сапа мен құзыретке қойылатын талаптар» ISO 15189:2012 халықаралық стандартына сәйкестігіне аккредиттеудің қорытынды кезеңі өтті.

ESYD халықаралық аккредиттеуші органы өткізген шараға «TÜV» (Германия) халықаралық аккредиттеу жөніндегі еуропалық ұйымының және Қазақстан Республикасының аккредиттеу жөніндегі ұлттық орталығының өкілдері қатысты.        

Зертханалық зерттеулер нәтижелері дәрігерлер үшін пациенттерге диагноз қоюда және ем тағайындауда маңызды. Зерттеудің толықтай автоматтандырылуы жоғары сапаны қамтамасыз етіп, сараптамалардың нәтижелерін тез арада алуға мүмкіндік береді.

Зертханалық медицина орталығы – жоғары технологиялық зертханалық қызметтер ұсынатын Қазақстандағы ең ірі зертханалық орталық. Орталық - «University Medical Center» корпоративтік қорының филиалы, 2013 жылы Joint Commission International (JCI) халықаралық стандарты бойынша аккредиттеуден өткен Республикалық диагностикалық орталығының құрылымдық бөлімшесі. Мұнда еліміздің барлық өңірлерінен келетін балалар мен ересектер үшін 600-ден астам зертханалық қызмет түрі көрсетіледі. Аталған орталықтың ерекшелігі сонда, ол посткеңестік кеңістіктегі JCI және ISO 15189:2012 аккредиттеуінен өткен жалғыз емханалық-амбулаториялық мекеме.  

CDC/CLSI (АҚШ) сарапшылары Зертханалық медицина орталығын Қазақстан бойынша ең үздік зертхана деп таныды. Мұнда күн сайын 3 мыңнан астам, ал жылына 1 млн.-нан аса зертханалық зерттеулер өткізіледі.  

«Медициналық зертханалар. Сапа мен құзыретке талаптар» ISO 15189:2012 халықаралық стандартына сәйкестігін растау тұрғындарға ұсынылатын зертханалық қызметтердің жоғары сапасына, сенімділігіне және қауіпсіздігіне берілген кепілдік болып табылады.

Жаңа, инновациялық технологияларды енгізу, барлық үрдістерді стандарттау, сондай-ақ, қызмет мәдениетін көтеру көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, қауіпсіздігіне кепілдік беруге мүмкіндік жасады.

 

Барлық жаңалықтар