• Главная
  • А.Артемьева: Менің картиналарым қазақстандық құндылықтарды шетелдерге «экспорттайды»
9 марта, 2016 14:54

А.Артемьева: Менің картиналарым қазақстандық құндылықтарды шетелдерге «экспорттайды»

Қазіргі XXI ғасырда әйелдер ерлермен бір қатарда тұрады. Өзі қаржы таба алады, өз мансабын өзі жоғарылата алады. Дегенмен, әйелдер қалай талпынса да, олардың ішкі табиғи жан дүниесін жасыра алмайсың. Оны әйелдердің өнерге деген ерекшелігінен аңғару қиын емес. Бұл туралы Strategy2050.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берген қазақстандық суретші, «Көшбасшы әйелдер Қоры» қамқоршылық кеңесінің мүшесі Алеся Артемьева айтты.
А.Артемьева: Менің картиналарым қазақстандық құндылықтарды шетелдерге «экспорттайды»

- Сіз Қазақстанның мәдени өміріне бейнелеу өнері арқылы үлкен өзгерістер енгіздіңіз. Өзіңіз туралы айтып берсеңіз. Бұл өнерге деген құштарлығыңыз қайдан туды?

 - Жылы лебізіңіз үшін рахмет. Өте қуаныштымын. Ес білгелі үнемі бір нәрсені өз қолыммен жасадым. Кішкене күнімнен әжем тоқыма тоқуды үйретті. Екінші сыныпта оқып жүргенімде мені балалар өнер мектебіне берді. Ол жерде түрлі бағыттағы көптеген өнер түрлерін үйрендім. Мен модельер-конструкторлықты оқыдым. Және бұл толыққанды бағдарлама болды. Біз не жасайтынымызды және оны неден жасайтынымызды біліп, оны ауызша айтып беруіміз керек болды. Сондықтан, қолөнерді үйренуге бардық. Ол жерде ойыншықтар тігуге, макрама тоқуға, кілем тоқуға, экибан құрауға, ыдыстарды бояуға және тағы басқа дүниелерді жасауға үйрендік. Сонымен қатар, әрине, сурет пен сәндік-қолданбалы өнерді меңгердім. Мен көбінесе барлығын өз қолымнан жасағанды ұнатамын. Сол уақыттан бері сәнді қолданбалы өнерді ұнаттым. Менің техникам «ошибана» - бұл Жапонияда XV ғасырдың басында қолға алынған өнер. Бұл еуропада кең тараған өнер түрі. Оны аздап византиялық мозайкалармен толықтырған. Содан бұл өнер ұмыт қалған болатын, кейіннен қайтадан қолға алына бастады.

 - Қазіргі заманауи өнерде қай бағытқа сіз басымдық бересіз және не үшін?

- Бұл сұраққа жауап беру қиын әрине. Маған өнердің барлық түрі ұнайды. Бірақ, бұл өнердің екі бағытын ерекше ұнатамын. Бұлар фотосурет пен мүсін. Мүсіншілікпен айналысатын да уақыт келер деп ойлаймын. Дәл қазір материалдар ісздестірудемін. Саз, гипс, металлды мен көрдім, бірақ бұлар менің қолым емес. Сондықтан әзірге іздену үстіндемін. 

- Заманауи өнерде әйелдер қандай тәсілмен ерекшеленеді?

- Көркем сурет, фильмдер мен фотосурет жұмыстарына қарап, кітап оқып отырып адамның өзінің ішкі жан дүниесін тануға болатынын аңғарамын. Адам өзінің ойын, құштарлығын, қуанышын немесе уайымын осы дүниелер арқылы жеткізеді. Ер азаматтар мен әйелдердің табиғи жаратылысына байланысты жасаған жұмыстарында да айырмашылықтар болады. Әйел адамға ең маңыздысы – бұл отбасы, аналық сезімі, отбасының қамқорлығы, келер ұрпақтың қамы. Биылғы өткізген көрмемнің аты «Бәрі біздің қолымызда» деп аталды. Онда әйелдің барлық сезімдері мен құндылықтары айтылады. Махаббат, бала, табиғат, су, отбасы... Әрине қазіргі XXI ғасырда әйелдер ерлермен бір қатарда тұрады. Өзі қаржы таба алады, өз мансабын өзі жоғарылата алады. Дегенмен, әйелдер қалай талпынса да, олардың ішкі табиғи жан дүниесін жасыра алмайсың. Оны әйелдердің өнерге деген ерекшелігінен аңғару қиын емес.

- Сіз қалай ойлайсыз, сіздің керемет шығармаларыңызды қазақстандық құндылық, мәдени және этникалық толеранттылық,  бейбітшілікке ұмтылу және шығармашылық жұмыс ретінде шет елдерге «экспорттауға» бола ма?

- Иә, әрине. Олар біздің құндылықтарды «экспорттап» жатыр деп айтуға болады. 2014 жылы менің көптеген картиналарым өзге елдердің көрмесіне қойылды. Атап айтар болсам, Сингапур, Италия, Ұлыбритания, АҚШ, Германия және тағы басқа да елдердің көрмесіне қойылды. Бұдан түрлі халықтарға мұндай шығармашылық жұмыс қызық болатынын аңғару қиын емес. Осы көрмені дайындағанда мен барлық елдерде маңызды құндылықтарды қамтыдым. Мысалы, бұл табиғатты қорғау, отбасы мен бала тақырыптары. Онда Тибет балаларының футбол ойнап жүргендері, лас су ішіп жатқан африка балалары, отбасының ажырауы туралы суреттер бар. Бала өз ата-анасымен тұруы керек, барлық адамдар бірін-бірі сыйлауы қажет. Барлық көрші елдердің дістүрлеріне түсіністікпен қарауымыз керек. Біз бірігу арқылы ғана өмірлік маңызды мәселелерді шеше аламыз.

- Енді бір дәстүрлі сұрақ. Шығармашылық жоспарларыңыз қандай? Қолөнер саласына қызығушылар үшін қандай тың дүниелер ұсынасыз?

- Кез келген суретшінің арманы – ол, әлемнің барлық бұрышында көрмесін өткізу. Алла арманымның орындалуына жәрдем бере көр! Әзірге басқа жобалармен айналысып жатырмын. Бұл қоғамдық қызмет. Балалар шығармашылығын дамытумен айналысамын. Өткен жылы «Халық фестивалін» өткіздім. Балалармен жиі кездесулер ұйымдастырамын. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі немесе аз қамтамасыз етілген отбасы балаларымен кездесулер өткіземін.  2015 жылдан бастап, әлемге аты әйгілі дизайнер Карим Рашидтың ресми өкілі болдым. «Еуразиның 100 көрнекті тұлғасы» жинағын шығарушы «Еуразиялық Шығармашылық Гильд» құрылтай кеңесінің төралқалық мүшесімін. Бұл кітап 10-нан астам елдің көрнекті тұлғаларын әлемге әйгілейді. Осындай жұмыстармен айналысып жатқан жайымыз бар. Алдағы уақытта шығармашылық ізденістің нәтижесінде тағы да тың жаңалықтарымыз болып қалар деп үміттенемін. Сөзімнің қорытындысында Қазақстан әйелдерін Көктем мерекелерімен құттықтаймын!