Ашық әкімдік» - әкімшілік тосқауылдарды азайтудың төте жолы

5 Наурыз, 2016 12:29
ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОҚО әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Елнұр Өтебаев «Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымы саласында ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді.

Жиында Е.Өтебаев өзі басқаратын бөлімнің жұмысын түсіндіріп, ақпараттық технологияларды халықтың тұрмыстық жағдайында кеңінен қолдану бойынша әңгімелеп берді.

«Бұл бөлімнің тікелей айналысатын бір технологиялық жаңалығымызды айта кету керек. Ол – «ашық әкімдік» жобасы. Бұл жоба 3 негізгі бағытты құрайды. Ашық әкімдік жобасының бірінші бағыты бойынша, әкімдік тарапынан қабылданатын шешімдердің ашықтығы қамтамасыз етілсе, екінші бағыт барлық мемлекеттік қызметтердің болашақта толық автоматтандырылуын көздейді. Ал үшінші бағыт жақын электронды қызметтердің порталын құрып, бұл әкімшілік тосқауылдарды жоюға, халыққа барлық мемлекеттік қызметтерді ашық және кедергісіз алуға мүмкіндік туғызады», - деді бөлім басшысы.

 Айта кеткен жөн, 2015 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жергілікті атқарушы органдарымен барлығы 163 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, бүгінгі күні оның саны 14 қызметке артып, 177-ге жеткен.  Бұл қызметтердің 84-і бүгінгі күні автоматтандырылған болса, Заңнамалық нормалардың талаптарына сәйкес, олардың 58-і халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы ұсынылуда.

Жиында аталған бөлім тарапынан осы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге тұрақты түрде мониторинг жұмыстарының жүргізілетіні, ХҚКО арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің санын арттыру мақсатында жұмыстардың жүргізіліп жатқаны,  сондай-ақ, кез келген заңды және жеке тұлға тәуліктің кез келген уақытында 1414 нөміріне хабарласып,  мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша толыққанды ақпарат алуға, шағым түсіруге болатындығы айтылды. Айта кеткен жөн, аталған қызмет түрлерін таяуда «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы жүзеге асыру мәселелері пысықталуда. Жақын күндері ол да іс жүзінде жүзеге асатын болады.

 

Барлық жаңалықтар