• Главная
  • СҚО әкімі ардагер аналар мен көп балалы аналарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады
5 марта, 2016 11:42

СҚО әкімі ардагер аналар мен көп балалы аналарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов келе жатқан 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күнімен ардагер аналар мен көп балалы аналарды құттықтады, деп хабарлайды аймақ әкімдігі.
СҚО әкімі ардагер аналар мен көп балалы аналарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады

Ұлы Отан Соғысының ардагері Анна Васянова биыл 96 жасқа толады. Анна Акимовна 1943 жылы Томск медицина институтын аяқтай салып соғысқа аттанған. Соғыстан кейін Германиядағы 5-ші басқыншы армия штабындағы госпитальда жұмыс істеді.

1954 жылы облысқа тың игеру жұмысына келген. Бірінші күнен құрметті еңбек демалысына шыққанша облыстағы 1-ші қалалық ауруханада жұмыс істеген. Үш ұл мен алты немере тәрбиелеген.

Ерік Сұлтанов Анна Васяноваға зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі. Сондай-ақ аймақ басшысы ардагерге облыс басшылығы тарапынан қандай да бір көмек қажет бола ма деген мақсатпен жағдайын сұрады.

«Сіздің ортамызда жүргеніңізге рахмет, әрқашан өзіңіздің ақылыңызбен және тәжірибеңізбен бөлісе жүріңіз»,-деді әкім.

12 бала тәрбиелеген Күлке Әубакірова «Даңқты ана» орденімен және «Алтын алқа» медалімен марапатталған ана. Ол балаларын тәрбиелей жүріп, өмір бойы туған ауылында қызмет еткен.

Ол 83 жасқа келсе де әлі белсенді аналардың қатарында. Әлі де үй шаруашылығына араласады. 17 немересі мен шөберелірінің де тәрбиесінен қалыс қалмайды. Күлке апа облыстың атқарып жатқан жұмыстарынан да хабардар болып отырады.

«Біздің облыста «Алтын алқа», «Күміс алқа» медалімен және «Даңқты ана» орденімен марапатталған 5000-нан астам ана тұрады. Солардың бірі – Сіз. Сіздің өмірдегі еңбек жолыңыз жастарға үлгі болады. Шын жүректен Сізді келе жатқан мерекеңізбен құттықтаймын»,-деді Е.Сұлтанов.

Өз кезегінде Күлке апа да ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, ұзақ ғұмыр мен еңбегіне жеміс тіледі.

Атап өту керек, Солтүстік Қазақстан облысында Ұлы Отан Соғысының 214 ардагері тұрады. Оның 20-сы әйелдер.