• Басты
  • Қорғаныс министрлігінде аруларды 8 наурыз мерекесімен құттықтады (ФОТО)

Қорғаныс министрлігінде аруларды 8 наурыз мерекесімен құттықтады (ФОТО)

5 Наурыз, 2016 10:36
ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи мұражайында 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР Қорғаныс министрі мен ҚР ҚК Қарулы Күштерінің басшылығы атынан ҚР ҚК-нің 200-ден аса әйел әскери қызметшісі мен Қазақстанда аккредитациядан өткен атташелердің жарларын ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров келе жатқан халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. «Бүгін, 8 наурыз қарсаңында біз еліміздің үздік өкілдерімен, достастық мемлекеттері Қарулы Күштерінің лайықты офицерлерінің жұбайларымен қауышып отырмыз.

Отанымыз ерлермен бірге иық тіресіп ұдайы әзірлікте жүретін және қиын-қыстау кезеңде қолұшын созуға көмекке келетін әйелдердің алдында басымызды иеміз. Мыңдаған әйел батырлық пен табандылықты көрсете отырып, Ұлы Отан соғысының майданында шайқасты. Миллиондаған әйел тылда, оның ішінде Қазақстан әйелдері елімізді қорғауға өздерінің мейірімі мен сенімі, махаббатымен үлестерін қосты, ұлы жеңіске дәнекер бола отырып, жауынгерлердің жоғары рухын асқақтатты.  Бүгінде отбасы ошақ-қасының ұйытқысы болып, өздерінің тума-туыстарына нұрын шашып, қамқорлығын білдіріп, әскери ұжымдарда қажетті бос уақыт пен жайлылық орнатып отырған Отан қорғаушы азаматтардың серіктеріне ерекше ризашылығымызды білдіреміз», - деді генерал-майор Талғат Мұхтаров.

Музейге экскурсия жасау, мерекелік концерт, сондай-ақ әйгілі қазақстандық дизайнер әйелдердің қолынан туындаған киім топтамасы мен зергерлік бұйымдарды көрсетуді қамтитын іс-шараға Қарулы Күштердің 200 қыз-келіншек әскери қызметшісі және 20 әскери атташенің жұбайлары шақырылды. Барлық шетелдік серіктестермен қорғаныс және қауіпсіздік аясындағы достастық және іскерлік байланысты дамыту әскери дипломаттардың ерен еңбегі мен маңызды миссиясы болып табылады. Қазақстанда шет елдерінің 38 әскери атташесі аккредитациядан өтті. Қазақстанның Қарулы Күштері серіктес мемлекеттермен бейбітшілікті қолдау жөніндегі бірлескен іс-қимылдарға әзір. Өткен жылдың өзінде Ресей, АҚШ, Қытай, Түркия және өзге де мемлекеттермен 10-нан аса халықаралық әскери оқу-жаттығу, жоғары деңгейдегі 15 ірі кездесу мен сапарлар өткізілді. 

Оның қорытындысы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізілді және маңызды шарттарға қол қойылды. Мұражайға экскурсия жасау барысында шетелдік меймандар қазақ халқының әскери-тарихи мұрасымен етене жақын танысуға, уақыттың тарихи өзара байланысы мен ұрпақ сабақтастығын саралауға мүмкіндік алды. Көне заманнан қазіргі заманға дейінгі уақыт аралығын қамтитын бірегей жәдігерлер топтамасы заманауи Қарулы Күштеріміздің қуаты мен өткеннің ауқымды жетістіктерін салыстыруға мүмкіндігін ұсына отырып, мұражай қонақтарын тарихи дәйектілік пен әскери мирасқа деген айрықша ықыласымен тәнті етті.


 

Барлық жаңалықтар