М.Артықбайұлы: Қазір шикізатқа сүйенетін, сенетін заман емес

4 Наурыз, 2016 18:54
Оңтүстік Қазақстан облысында барлық аймақтарда жоқ шыны өндірісі өріс алған. Қазір еліміздегі құрылыс фирмалары отандық өнімді пайдаланып жатқанын айтып өткен жөн. Шымкент қаласындағы индустриалдық аймақта орналасқан «Фирма Дана» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Мамадияр Артықбайұлымен сұхбаттасып, шыны өндірісінің бүгінгі аяқ алыс туралы білген едік.

«Шымкенттегі Индустриалдық аймақта сәулет саласында қолдануға арналған шыны өнімінің түрлерін шығаратын зауыт салдық. Бұл жобаға «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 350 миллион тенге қаржы бөлінген. Ал, зауыт орналасқан Индустриалдық аймақта кәсіпорынға қажетті бар инфрақұрылым мен қажетті коммуникациялар тартылған. 2014 жылы шыны өңдеу кешені бойынша жеке инвестициялық жобасын іске қосқан «Фирма «Дана» ЖШС-і жаңа еуропалық құрылғылармен жабдықталды. Пластикалық шынылардың өндіріс қуаттылығына тоқталар болсам,  жылына 75 000 м2 шыны, 45 000 м2 шыңдалған шыны өндіріледі. Сонымен қатар, дайын өнімдерді сату қызметінде жол тауып, іске асыру үшін тарату, сату желісін іске қостық. Бұл шыны болғандықтан алыс елдерге жеткізу мүмкін емес. Сырт ел болғанда тек Қырғызстан мен Өзбекстанға ғана жеткізуге мүмкіндік бар. Дәл қазір тек өз еліміздің аймақтарына жеткізіледі»,-дейді директорлар кеңесінің төрағасы.

Мамадияр Артықбайұлының айтуынша, мемлекеттік қолдау болмаса осындай ірі жобаны іске асыру мүмкін емес.

«Қосымша қоймалары бар осындай ірі көлемдегі жалпы көлемі 5 гектарды құрайтын өндірістік базаны жасау – мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асты. «Даму» Қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорынның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялайды. Ал, үнемделген қаражатты қайта кәсіпорынға, шикізат алуға жұмсаймыз. Жалпы мемлекеттік қолдау болмаса жеке адам немесе серіктестіктің өзі мұдай өндіріс ошағын құра алмайды» -дейді ол.

Бүгінгі таңда  шыны шығаратын кәсіпорында 48 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Экономикалық дағдарыс кезеңін бастан өткізіп жатсақ та, жұмыс орындарын қысқарту деген мәселе көтерілмейді, дейді М.Артықбайұлы.

«Бұл әлемдік қаржы дағдарысының салқыны барлық кәсіпорындарға тиетіні сөзсіз. Бірақ, бұдан да айналып өтуге болады. Бізде дәл қазір 48 адам тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Жұмысшыларды қысқарту мәселесін көтергенді қойып, керісінше қосымша жұмысшылар санын арттырып отырмыз. Осы орайда айта кетейін, Елбасы отандық өнімге қолдау көрсету туралы бастама көтерді ғой. Сол себепті біздің өнімді Астана, Алматы сияқты ірі қалалардағы құрылысқа пайдаланып жатыр. Сонымен қатар, көрші Жамбыл, Қызылорда облыстарынан тапсырыс түсіп тұрады. Біз сапаға да ерекше мән береміз. Өніміміздің сапасы еуропалық стандарттан артық болмаса кем емес. Сраптамадан, лабороториялық тексерулерден өткен»,-деді  директорлар кеңесінің төрағасы.

Сонымен қатар ол, «Елбасының дағдарысты еңсеруге бағытталған түрлі бағдарламаларын жүзеге асыратын болсақ, көштен қалмайтынымыз анық. Осы орайда шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл біз сияқты өнім шығаратын кәсіпорындар үшін үлкен қолдау болды. Шынын айтқанда мемлекет тарапынан берілген көмек арқылы үлкен жетістіктерге жетіп отырмыз»,- деді.

«Егер мемлекет қолдау көрсетпесе біз осындай үлкен кәсіпорынды аша алмас едік қой. Мынандай дағдарыс уақытында шағын және орта бизнесті қолдау туралы тапсырма беріп, тиісті бағдарламаларды айқындау үлкен ерлік дер едім. Дәл біздікіндей бағдарламалар бізбен көрші мемлекеттерде жоқ десе де болады. Президент тек «Нұр Отан» партиясының съезінде ғана емес, үнемі экономикаға қатысты жиындарда шағын және орта бизнесті дамыту керектігін айтып отырады. Өйткені, қазір шикізатқа сүйенетін, сенетін заман емес. Қазба байлыққа қанша сеніп отырғанмен күндердің күнінде олда ортаяды немесе құны құлдырап кетуі мүмкін. Ал, өнеркәсіп, халық тұтынатын дүниелерді шығаратын кәсіпорындардың тамырына қан жүгіртіп, өндіріс қуатын арттыратын болсақ қоржынымыз да тоқ болары анық. Сонымен қатар, шетелдік импортқа иек артпай отандық өнімді пайдалану арқылы да пайда табамыз. Олай дейтінім белгілі бір тауар алуға шығарған қаржы шетел аспай өз елімізде қалады. Әрине, егер өзімізді қамтамасыз етіп болған соң шетелге экспорттау мәселесі өзінен-өзі жүзеге аса беретін болады. Елбасының жоғарыда айтқандары тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде атқарылып жатқанын айқын көруге болады. Біз жол салуымыз керек, инфроқұрылымдарды дамытуымыз қажет, қаншама әлеуметтік тұрғын үйлерді салуымыз керек. Осы бағыттағы жұмыстар атқарылып келеді. «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту» деген сияқты мемлекеттік бағдарламалардың аясында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осының барлығы халықтың мүддесі үшін жасалып жатыр. Біз де сол үлкен жетістіктерге үлесімізді қоссақ, ел-жұртқа пайдамыз тисе деген ниетпен қолымыздан келгенінше аянып қалмай ат үстінде жүрміз. Елбасының 5 институционалды реформаны жүзеге асыру барысындағы Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарын бағындырсақ, әлем шулап жатқан экономикалық қаржы дағдарысынан жалымыз жығылмай өтіп кететінімізге мен сенімдімі»,-дейді Мамадияр Артықбайұлы.

Қанат Тұрар

Барлық жаңалықтар