• Басты
  • Жаңалықтар
  • ОСК: Үгіт жұмыстары басталғалы БАҚ-та сайлау туралы 4 мың материал жарияланды

ОСК: Үгіт жұмыстары басталғалы БАҚ-та сайлау туралы 4 мың материал жарияланды

3 Наурыз, 2016 11:42
Үгіт жұмыстары басталғалы БАҚ-та сайлау туралы 4 мың материал жарияланды, деп хабарлады ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен.

“«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 2-тармағына сәйкес партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға сайлау алдындағы үгітті жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына тең жағдайда қол жеткізуге кепілдік беріледі. Сонымен қатар, БАҚ саяси партиялардың сайлау науқанын әділ жария етуді жүзеге асыруға міндетті. Аталған нормалардың іске асырылуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен бірлесіп бұқаралық ақпарат құралдарының ағымдағы сайлау науқанына қатысты материалдарына мониторингті жүзеге асыруда”, - деді ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен.

Оның айтуынша, мониторинг 48 республикалық газетті, 15 журналды, 16 республикалық телеарнаны, 12 радиоарнаны, 174 өңірлік газетті, 31 өңірлік телеарнаны, сондай-ақ 162 неғұрлым танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурсты қамтиды.2016 жылғы 20 қаңтардан бастап 19 ақпанға дейінгі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында жалпы сайлау тақырыбы бойынша, сондай-ақ партиялар мен партиялық тізімдерден кандидаттардың сайлау тұрғысындағы қызметіне қатысты 13898 материал жарияланды. Олардың ішінде республикалық телеарналардың эфирінде 3 757 сюжет, республикалық мерзімді басылымдарда – 1 154 жарияланым, өңірлік БАҚ-тарда -  3 924 материал, интернет-ресурстарда – 5063 материал. Әлеуметтік медиаларда – 1441 мағыналы жазылым.

“Сайлауға қатысушы саяси партиялардың үгіт науқаны басталған кезеңнен, яғни 20 ақпаннан бастап 2 наурызға дейін БАҚ-та сайлау тақырыбы бойынша 4340 материал жарияланды. Олардың ішінде 3271 материал республикалық және 1069 - өңірлік БАҚ-тарда”, - деді ол.

Жалпы, БАҚ партиялардың қызметін тең жағдайларда және салыстырмалы көлемде жария етуде деген тұжырым жасауға болады. Партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қол жеткізу қамтамасыз етілуде, ал сайлаушылардың олардың бағдарламалары, мақсаттары және іс-шаралары туралы толық, сенімді және жедел ақпаратты алу мүмкіндігі бар.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар