• Басты
  • Жаңалықтар
  • Д.Ақышев: 2016 жылдың ақпан айында Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 2,8 пайызға өсті

Д.Ақышев: 2016 жылдың ақпан айында Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 2,8 пайызға өсті

3 Наурыз, 2016 11:34
2016 жылдың ақпан айында Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 2,8 пайызға өсті. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтты.

«Сыртқы тұрақсыздық жағдайында бұл саясат девальвацияның болмауын қамтамасыз етеді, сондай-ақ Ұлттық банктің қатысуынсыз тұрақтылыққа біртіндеп қол жеткізуге ықпал етеді. Яғни, біз осы саясатты жүргізе бермекпіз, бірақ, қаржы тұрақтылығына қауіп төнсе, айырбас бағамының күрт өсіміне жол бермеу қажет болған кезде Ұлттық банк жағдайға араласады», - дейді Д.Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы 2016 жылдың ақпан айындағы валюта нарығындағы жағдайға тоқталды.

«Ұлттық банк ақпан айында валюталық сауда-саттыққа мүлдем дерлік қатысқан жоқ. Бірақ, ақпанның соңында салық төлемдері кезінде Ұлттық банк нарықта шетелдік валютаның көп ұсынылуына байланысты валюта сатып алуға мәжбүр болды. Нәтижесінде ақпан айында Ұлттық банк интервенциясы 474 млн долларды немесе сауданың жалпы көлемінің, яғни 2,4 млрд доллардың 20 пайызын құрады. Яғни, Ұлттық банк валютаны сатып ала отырып, алтын-валюта қорын толықтырды», - дейді ол.

2016 жылдың ақпан айында, алдын ала мәліметтер бойынша, Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 2,8 пайызға өсіп, 27,7 млрд долларға жеткен.

Барлық жаңалықтар