ОҚО-ның Созақ ауданында мал шаруашылығын дамыту кешені ашылмақ

3 Наурыз, 2016 15:19
Аудандағы мал шаруашылығын дамыту бағытында жүргізіліп отырған жоба аясында бордақылау ғимараты, жем-шөп дайынтайтын цех, қосымша мал дәрігерлік лаборатория мен мал сою алаңшалары салынады деп жоспарлануда, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Мұндай келісім аудан әкімі М.Исаев пен «КАТКО» БК ЖШС-нің бас директоры Ж.Фриске және ҚазҰАУ ғалымдарымен үш жақты кездесу барысында жасалды.

Осылайша, Созақ ауданындағы аталмыш кешенге «КАТКО» біріккен кәсіпорны ЖШС-і асыл тұқымды ірі қара малын асылдандыру бойынша 400 млн. теңге көлемінде инвестиция құймақ. «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы шеңберінде салынатын нысанның құрылысы таяу арада басталады деп күтілуде.

Созақ ауданының әкімі М.Исаев мал шаруашылығын дамытуға арналып салынатын кешеннің аудан экономикасына серпін беріп, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына септігін тигізетінін айттты.

Ал «КАТКО» БК ЖШС-нің бас директоры Ж.Фриске аталған француздық кәсіпорынның Созақ ауданына түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіп келе жатқанын хабарлап, серіктестіктің бұдан былай ауыл шаруашылығына қатысты жобаны қаржыландыратынына қуанышты екенін жеткізді.

Барлық жаңалықтар