• Басты
  • Жаңалықтар
  • Сенат Ұлттық қордан бөлінген кепілдендірілген трансферт туралы заңға енген өзгертулерді мақұлдады

Сенат Ұлттық қордан бөлінген кепілдендірілген трансферт туралы заңға енген өзгертулерді мақұлдады

3 Наурыз, 2016 11:08
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізу туралы» заңды қабылдады.

«Нақтыланған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде 2016 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері қайта қаралды. Жалпы ішкі өнім өсімінің болжамын ескере отырып 2016 жылы республикалық бюджет кірістері 3 365,3 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр, бұл бекітілген жоспардан 300 млрд теңгеге төмен», - деп баяндады ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.

Министрдің айтуынша, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес, 2016 жылға арналған республикалық бюджет түсімдерінде Ұлттық қордан 807,5 млрд теңге нысаналы трансферт ескерілген, оның ішінде 240,5 млрд теңге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысын ынталандыруға және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуге қосымша бағытталады.

«2015 жылғы 179,2 млрд теңге сомасында бос қалдықтарды тартуды ескере отырып, бюджет тапшылығының 723,4 млрд теңгеден 902,7 млрд теңгеге дейін немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 1,6-дан 2 пайызға дейін ұлғаюы болжанып отыр», - дейді Е.Досаев.

Жалпы алғанда, министрдің айтуынша, республикалық бюджет шығыстары 2016 жылы 8 трлн 266 млрд 800 млн теңге деп болжанады, бұл бекітілген көлемнен 600,2 млрд теңгеге артық.

 


 

Барлық жаңалықтар