• Басты
  • Жаңалықтар
  • Алматы әкімі жоғары оқу орындарының жетекшілерін қажетті мамандықтар бойынша сараптау жүргізуге шақырды

Алматы әкімі жоғары оқу орындарының жетекшілерін қажетті мамандықтар бойынша сараптау жүргізуге шақырды

15 Қараша, 2013 17:33
2013 жылы алматылық студенттердің 61 пайызы жұмысқа орналасты. Сондықтан да Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жоғары оқу орындарының жетекшілерін қажетті мамандықтар бойынша сараптау жүргізуге шақырды, деп Алматы қаласының ішкі саясат бөлімі хабарлады.

«Көптеген жекеменшік жоғары оқу орындарында материалдық-техникалық база төмен, білікті профессорлар-оқытушылар жетіспейді, ғылыми-методологиялық база нашар, жарықпен қамтамасыз ету талапқа сай емес. Сондықтан жекеменшік жоғары оқу орындары кіріс тауып қана қоймай, өз университеттерінің инфрақұрылымын дамытуға инвеситиция бөлгендері абзал. Жекеменшік жоғары оқу орындары үлгерімі нашар студенттерді ешқашан оқудан шығармайтыны баршаға аян», - деді Ахметжан Есімов.

Алматы әкімі оқу процесіне коммерциялық тұрғыда келу барысында алматылық жоғары оқу орындары түлектерінің тек 61%-ы жұмысқа орналасқанын жеткізді. Әрі олардың басым көпшілігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Өз өңірінде жұмысқа орналаса алмағандықтан әрбір үшінші студент Алматыға қайтып келеді.

« Осыған орай әкім жоғары оқу орындарының басшыларын еңбек нарығында сұранысы бар мамандықтарға талдау жасап, оқушылардың кәсіптік бейімделу мәселесіне зейін салып қарауға шақырды», - деп хабарламада нақтыланған.

«Қазіргі кезде жатақханаларда 28 мыңға жуық орын жетіспейді. Бұл жетіспеушілікті Универсиаданы өткізу үшін салынатын Олимпиада ауылын пайдалану арқылы жабу жобаланған еді. Дегенмен, қазір Үкіметке бұл объектілерді басқа мақсатта қолдану бойынша ұсыныстар жасалып жатыр. Мен басшылардан гөрі студенттерге жағдай жасаған дұрыс деп есептеймін. Универсиада–2017 аяқталған соң атлеттер ауылын студенттер үшін жатақхана ретінде пайдаланған жөн. Мен бұл мәселені Үкіметтің алдына да қоямын», - деді қала әкімі.

 

Барлық жаңалықтар