БҰҰ мүшесі бола отырып, Қазақстан әлемдік сенімділікке ие болды

2 Наурыз, 2016 19:34
Бүгін, 2 наурызда Елбасы Қазақстанда тіркелген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен кездесті. Шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы биылғы кездесу ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде және Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданған күні өтіп отырғанын айтты. Біріккен Ұлттар Ұйымы – екінші дү­ниежүзілік соғыстан кейін КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекет­тері­нің белсенділік таны­туымен құрылған халықаралық ұйым.

 «Біздің кездесуіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында өтуде. 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан БҰҰ мүше болды. Осы аз уақыттың ішінде еліміз әлемдік сенімділікке қол жеткізді. Мемлекеттілік пен заманауи нарықтық жағдайды нығайтуда ауқымды жұмыс атқарылды», - деді Елбасы.

Президент атап өткендей, тәуелсіздік жылдары өңдеу өнеркәсібінде 28 жаңа сектор пайда болды, 900 индустриалды  бағдарлама жүзеге асырылды.

«21 ғасыр экономикалық, экологиялық, геосаяси, ресурстық, энергетикалық мінездегі салаға бірқатар сынақтар әкелді. Жаһандық бәсекелестіктің парадигмасын қайта түсіну қажет. БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында  мен Жаһандық стратегиялық бастама-2045 жоспарын ұсындым. Оны кезеңмен жүзеге асырып, БҰҰ 100 жылдық мерейтойына арнау көзделуде», - деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Президенті 2016 жылы біздің ел көпвекторлы, сындарлы сыртқы саясатын, әлемдік экономикалық кеңістікке кірігудегі магистральды бағытты жүзеге асыруды жалғастыратынын атап өтті.

«Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық әлеуеті және Қытаймен бірге «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасын жүзеге асыру Қазақстанның маңызды іскерлік серіктес, Еуразиядағы хаб ретіндегі орнын нығайта түседі. Біз Шанхай ынтымақтастығы ұйымын дамыту ісіне белсене қатысатын боламыз. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті Азиядағы қауіпсіздік пен даму ұйымына айналдыру үшін күш-жігер жұмсауын жалғастыра береді. Сіздер өкілдік етіп отырған елдердің қолдауынан үміттіміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы транзиттік аумақ ретіндегі біздің елдің рөлі қазірдің өзінде көрініп тұрғанын айтты.

«Мәселен, Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытымен жүріп өткен контейнерлер саны 2015 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 6 мыңнан 48 мыңға дейін артты. Ал 2016 жылы ол  95 мың контейнерге жетеді. Егер 2013 жылы бұл бағдар бойынша 77 пойыз өткен болса, 2016 жылы 1100 болады деп жобалануда», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев біздің республика үшін күмәнсіз басымдық ретінде  Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты атады.

«Біз тағы да бұл елдерді суды пайдалану, сауда, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты өңірдің аса өзекті мәселелерін шешу үшін бірігуге шақырамыз.   Олармен өзара іс-қимыл үшін Еуразиялық экономикалық одақ пен «Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін» ұштастыру, сондай-ақ Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасын жүзеге асыру жаңа мүмкіндіктер тудырады», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті республикамыздың бұдан екі ай бұрын ірі инвестициялық және сауда серіктесі – Еуропалық Одақпен кеңейтілген серіктестік туралы келісімге қол қойғанын атап өтті.

«Бұл – тауар айналымын ұлғайтып, Еуропа елдерінен инвестиция тарту жолындағы маңызды қадам, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы АҚШ-тың Қазақстан экономикасына инвестиция салып отырған ірі шетелдік инвестордың бірі екенін, біздің ел бұл ынтымақтастықтың аясын кеңейту ниетінде екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Орта және Таяу Шығыс мемлекеттерімен тарихи және рухани жақын байланысы бар Қазақстанның олармен және жалпы ислам әлемімен өзара қарым-қатынасты тереңдете түсуге ниетті екеніне назар аударды.  Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті айтқандай, республикамыз Иранмен ауқымды сауда-экономикалық ынтымақтастықты барынша дамытуға мүдделі.  

Мемлекет басшысы Қазақстан Ауғанстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына еліміздің мүмкіндігі аясында көмектесуді  жалғастыра беретінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміз Азия және Тынық мұхит өңірі елдерімен және өңірлік құрылымдармен экономикалық, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екеніне назар аударды. Сондай-ақ Африка құрлығы, Латын Америкасы және Кариб теңізі алабы елдерімен қарым-қатынас жүйелі дамып келеді.

Қазақстан Президенті өткен жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына толық құқылы мүше болғанын еске салып, бұл сыртқы сауда географиясын кеңейтуге мүмкіндік беретінін, инвестициялық әлеуетімізді арттыра түсетінін айтты.  

Мемлекет басшысы маусым айының соңында Нью-Йоркте өтетін дауыс беру кезінде  дипломаттар өздері өкілдік етіп отырған мемлекеттер тарапынан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне 2017-2018 жылдар кезеңіндегі Қазақстанның кандидатурасын қолдайды деп сенетінін атап өтті.  

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшілер мен дипломаттарға, дипломатиялық миссиялар басшыларына елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар