• Басты
  • Жаңалықтар
  • СІМ ҚР Президентінің мұрағатымен бірлесіп қазақстандық дипломатияның құрылуы туралы құжаттамалық көрмесін ұсынды (ФОТО)

СІМ ҚР Президентінің мұрағатымен бірлесіп қазақстандық дипломатияның құрылуы туралы құжаттамалық көрмесін ұсынды (ФОТО)

2 Наурыз, 2016 16:21
Астанадағы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында Қазақстанның БҰҰ-ң құрамына кіргенінің 24 жылдығы мен Қазақстан республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай «Көпвекторлы – Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси доктринасы» атты құжаттамалық көрмесі өтіп жатыр.

Көрме екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы мен даму тарихи кезеңдері көрсетілген. Сонымен қатар, маңызды тарихи шешімдерден сыр шертетін құжаттар бар. Мәселен, жаңа Конституцияның қабылдануы, президенттік институттың тағайындалуы, тұңғыш Президенттің сайлуы туралы құжаттарды көруге болады. Сондай-ақ, сыртқы істер ведомствосының саяси қалыптасу кезеңінен хабар беретін құжаттар да көрсетілген.

«Бүгін қазақстандық дипломатия Біріккен ұлттар ұйымының құрамына кіргеніне 24 жыл толуын атап өтуде. Сондай-ақ, ең елеулі дата Қазақстан республикасының тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отырғаны. Осыған орай, ҚР Президенті мұрағатының ұсынысын ҚР СІМ қолдап, қазақстандық дипломатияның қалыптасуы мен тарихи даму кезеңдеріннен хабар беретін құжаттамалық көрме ұйымдастырып отырмыз.  Дипломатиялық қызметтің қалыптасу кезеңін тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуынан ажырата қарауға болмайды. Бұған Мемлекет басшысының баға жетпес еңбегі сіңгенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, СІМ-ң алғашқы басшылары мен қызметкерлерінің еңбегін атап өтпеске болмайды»,-деп атап өтті Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.

Қазақстан республикасы Президенті мұрағатының директоры Борис Джапаров айтып өткендей, көрмеге қойылған суреттерден Мемлекет басшысының басқа мемлекеттердің басшыларымен кездескен суреттері мен қазақстандық дипломаттардың атқарған жұмыстарын көруге болады.

«Екінші бөлім тәуелсіз Қазақстанның әлемдік саяси қарым-қатынастарға кіру тарихынан хабар береді. Бұл бірінші кезекте Біріккен ұлттар ұйымының толық құқылы мүшесі ретінде құрамға алынғанымен байланысты»,-деді ол.

Б.Джапаровтың айтуынша, 130-ға жуық дана бұл құжаттар тұңғыш рет осы жерде көрсетіліп отыр.

«Бұл құжаттар еліміздің сыртқы саясатының даму кезеңдерімен танысуға мүмкіндік береді. Көрме әлі бір ай бойы көрсетілетін болады. Құжаттар түп нұсқалары Президент мұрағатында сақталады»,-деді ол

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар