• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н. Назарбаев: Қазақстан Таяу Шығыс және ислам әлемімен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі

Н. Назарбаев: Қазақстан Таяу Шығыс және ислам әлемімен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі

2 Наурыз, 2016 13:08
Қазақстан Таяу Шығыс және ислам әлемімен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен өткен кездесуде.

«Орталық Азия елдерімен ынтымақтастыққа  біз басымдық береміз. Біз тағы бір мәрте осы өңірдегі мемлекеттерді ортақ мәселелерді шешу үшін бірігуге шақырамыз. Бұл су ресурстары, сауда, ортақ қауіпсіздік түйіткілдері. Көршілеріміз немқұрайлылық танытпайды деген үміттеміз. Еуразиялық экономикалық одақ, Ұлы Жібек жолы, сондай-ақ Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасының түйісуі жаңа мүмкіндіктер ашып отыр», - дейді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Сириядағы қақтығыстың барлық қатысушысын елдегі соғысты тоқтату бойынша өз міндеттемелерін орындауға шақырады.

«Сириядағы қақтығыс салдарының ауқымы өте кең. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері қоныс аударып жатқан осынша босқын мен келімсек болған емес», - деп атап өтті кездесуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, ИСИМ-мен күрестегі халықаралық қауымдастықтың бытыраңқы іс-қимылын террористер пайдаланып отыр.

«Сондықтан мен БҰҰ-ның қамқорлығымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жаһандық желісін құруды ұсындым. Егер барлық елдер күш біріктірмесе, біз табысқа қол жеткізе алмаймыз», - деді Елбасы.

«Біз Ресей мен АҚШ-тың Сирияда атысты тоқтату туралы келісімге келуін қолдаймыз. Барлық тараптарды қол жеткізген өз міндеттемелерін орындауға шақырамыз», - деді Президент.

 

Барлық жаңалықтар