ҚР ОСК: 1 наурыздағы жағдай бойынша 45 елден 287 байқаушы аккредиттелді

2 Наурыз, 2016 11:43
1 наурыздағы жағдай бойынша 45 елден 287 байқаушы аккредиттелді, деді ОСК-да өткен брифингте ҚР ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев.

«Сайлауды халықаралық байқау бүкіл әлемге кеңінен танымал болды және сайлау процестерінің сипатын дәл және алаламай бағалауды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ол халықаралық қоғамдастықтың адам құқықтарын құрметтеу мен құқық үстемдігін дамытудың компоненті ретінде демократиялық сайлау өткізуді қамтамасыз етуге деген қызығушылық білдіруі болып табылады. Халықаралық байқаушылардың болуы сайлау процестерінің беделін арттырады және көбіне олардың жариялылығы мен ашықтығының кепілі болып табылады»- деп атап өтті Брифинг барысында ҚР ОСК мүшесі М. Сәрсембаев.

Оның айтуынша, “біздің елімізде болатын алдағы сайлауды байқауға ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, Тәуелсіз Мемлектетер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы сияқты ұйымдар, он тоғыз шет мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері шақырылды”.

2016 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша  халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 175 байқаушысын аккредиттеді. Олардың ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 44 байқаушысы, ТМД Миссиясының 111 байқаушысы, 3-еуі Ислам ынтымақтастық ұйымынан, сегіз шет мемлекеттің 17 байқаушысы бар.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 26 мемлекеттен 112 шетелдік БАҚ өкілін аккредиттеді.

Осылайша, қазіргі уақытта барлығы  45 елден 287 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттелді.

Еліміздің сайлау заңнамасына сәйкес халықаралық байқаушылар мен Сыртқы істер министрлігі аккредиттеген журналистердің сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысуға, сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға, дауыс беру мен дауыстарды санауды жүргізу уақытында сайлау учаскелеріне баруға, сайлау процесіне қатысушылармен кездесуге, сайлау комиссияларының мүшелеріне өз байқаулары, анықталған бұзушылықтар туралы хабарлауға, ұсынымдар енгізуге, жария өтініштер жасауға құқығы бар.

Брифинг соңында М. Сәрсембаев «ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді халықаралық байқаушылардың болуы сайлауды ұйымдастырушылардың, кандидаттар мен саяси партиялардың, азаматтық қоғам мен сайлау процесіне басқа да қатысушылардың жауапкершілігін арттыра түседі. Сонымен қатар отандық байқаушылардың, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдары  өкілдерінің, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен байқаушылардың бірлескен жұмысы мен өзара тиімді іс-қимылы сайлау процесін барынша әділ, транспарентті әрі ашық етуге мүмкіндік береді» деп атап өтті.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар