• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н.Әшіров: Егер мемлекет қолдамаса, ауқымды жобаларды іске асыра алмас едік

Н.Әшіров: Егер мемлекет қолдамаса, ауқымды жобаларды іске асыра алмас едік

2 Наурыз, 2016 10:50

Оңтүстік Қазақстан облысының аудандары мен ауылдарында да индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында мемлекеттен субсидия алып, өндірісін өркендетіп отырған кәсіпорындар жетерлік. Олар ауыл жұртын жұмыспен қамтамасыз етіп, қажет жағдайда ауылдың басқа да қажеттіліктеріне қол ұшын береді. Сондай шаруашылықтардың бірі Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ ауылындағы «Сапа-2002» ЖШС-ң төрағасы Әшіров Нұржан Сапабекұлымен сұхбаттасып, серіктестіктің бүгінгі жай-күйі туралы білген едік.

«Серіктестік 1996 жылы шаруа қожалық ретінде құрылған болатын. Кейіннен қожалықтың аясын кеңейттік. Бүгінгі таңда 35 адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақылары 40 мың теңге шамасында. Бір қарағанда бұл еңбекақы аз болуы мүмкін. Бірақ, ауылдағы ағайын үшін қалыпты деп білеміз. 2002 жылы «Сапа-2002» ЖШС-гі құрылып осы ЖШС-ке 2007 жылы 155 құрылтайшы біріктіріліп жер көлемі 5601,24 гектарға жетті. Оның тәлім егістік көлемі 1984,51 га, саурмалы егістік 52,58 га, жайылым 3008,54 га, шабындық 555,61 гектар. Осы жерлерді талапқа сай игеріп, өнім көлемін арттыра түстік. Қажырлы еңбегіміздің нәтижесі де жоқ емес. Әкімдік жүйелі жұмысымыз бен табысымызды, еңбегімізді бағалап, 2005 жылы 1-ші, 2-ші, 3-ші дәрежелі көбейтілген бидай, мақсары, жоңышқа тұқымын өндіруші мәртебесін берді. 2007 жылы асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойын өсіру мәртебесіне ие болдық. 2008 жылы бірегей элиталы астық тұқымын өндіруші мәртебесі берілді. 2011 жылы элиталық бидай, мақсары, жоңышқа тұқымын өндіру мәртебесін алдық. 2013 жылы өндірістік қуаттылығы жылына 2160 тоннаны  құрайтын май цехын іске қостық. 2013 жылы жылдық табысымыз 12 551 600 тенгені  құрады»,-деп атап өтті Н.Әшіров.

Кәсіпорынның өздеріне тиесілі техникалары да жетерлік.

«Серіктестіктің жұмысын ірілендіру үшін «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан жылда жаңа техникалар лизинг негізінде және сатылып алынады. Бүгінгі таңда серіктестікте 1 «Вектор» комбайны, 6 «Нива Эффект» комбайны, 6 «МТЗ-82» доңғалақты тракторы, 2 «Т-150-05-09» шынжыр табанды трактор, 4 К-701тракторы, 2 ХТЗ тракторы, Камаз, Г-3507, Саз-3511, және Газ-52  сияқты техникалар бар»,-дейді серіктестік директоры.

Сонымен қатар, «Сапа - 2002» ЖШС-і өсімдік майын өндіреді.

«Жобалық құны 112,5 млн. теңге болатын кәсіпорында өсімдік майын өндіреміз. Бұл қаржының  90 млн. теңгесін несиемен алған болсақ, қалған  22,5 млн. теңге өз қыражатмыз. Өндіріс қуаттылығын айтар болсам,  жылына 1000 тоннаға дейін өсімдік майын өндіріп шығарамыз. Өнімімізді Қазақстан Республикасының барлық аймағына таратамыз. Мұнда 22 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Бұл жоба ҚР-ның Үдемелі индустриалды-иновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2013 жылдың қыркүйек айында іске асырылған болатын. Кәсіпорынның екінші деңгейлі банк арқылы алған  90,0 млн. теңге несиесі  "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының бірінші бағыты бойынша субсидияланды.  Бүгінгі таңда«Сапа» атты арнайы фирмалық 1, 3, 5 литрлік  ыдыстарға  құйылған майларымыз дүкен сөрелерінде сатылып жатыр»,- деп атап өтті Н.Сапабекұлы.

Серіктестік басшысы мемлекеттің көрсетіп жатқан қолдаулары мен көмектеріне риза екенін жеткізді.

«Шыны керек, егер мемлекет қолдамаса ауқымды жобаларды іске асыра алмас едік. Онда тек отбасының қажеттілігін ғана қамтамасыз ететіндей көлемде шаруа жасап жүре берер ме едік. Ал, мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие берілгеннен кейін, жұмысымыздың тасы өрге домалады деуге толық негіз бар. Жергілікті әкімдік егістік жерімізді бөліп берді, ол жерді игеретін жаңа техникаға қол жеткізуімізге де аудан және облыс басшылары атсалысты. Осының бәрі мемлекеттік қолдаудың жемісі. Бүгінгідей экономикалық дағдарыс кезінде қол қусырып отыруға әсте болмайды. Дана халқымыз «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген ғой. Әйтеуір, жатпай-тұрмай еңбектенсек қандай қиын сәттер болса да, ел қатарлы тірлік кешуге болады. Елбасымыз өзінің үлкен жиындарда сөйлеген сөзінде жергілікті кәсіпкерлерді қолдау керектігін,  шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін үнемі айтып отырады. Президентіміз дағдарысқа қарсы қолданатын шаралардың да бағдарламаларын бағыттап берді. Осы бағдарламалардың ішінде біз сияқты кәсіпкерлердің жағдайын жақсарту да қарастырылған. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» жобасын бір кісідей жүзеге асыратын болсақ, асығымыздың алшысынан түсетініне сенім мол»,-дейді «Сапа - 2002» ЖШС-ң төрағасы Нұржан Әшіров.

Қанат Тұрар

Барлық жаңалықтар