ОҚО шаруалары көктемгі дала жұмыстарына толықтай дайын

2 Наурыз, 2016 20:43
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі жылдағымен салыстырғанда 400 гектарға артып, жалпы көлемі 772,8 мың гектарды құрап отыр, деп хабарлады ОҚО әкімдігі.

Бүгінге дейін жоспарланған 460,6 мың гектар жердің 374,5 мың гектары немесе 81,3 пайызы айдалып, жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілді. Яғни, көктемгі дала жұмыстары басталғаннан бері (29 ақпанға дейінгі мәлімет) 4,7 мың гектарға көкөніс, 0,1 мың гектарға картоп, 2 мың гектарға масақты дәнді дақыл, 0,6 мың гектарға жоңышқа дақылдары егіліп, жұмыстар одан әрі жалғасуда.

Ал күзде егілген 142,3 мың гектар күздік астықтың жағдайы жақсы, бүгінде онда қореқтендіру жұмыстары жүргізілуде. Сор шаю жұмыстарына келсек, межеленген 102 мың гектар жердің 101,7 мың гектары немесе 96,6 пайызында сор шаю жұмыстары жүргізілді.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп, баптап, оны өсіру жұмыстарына 15 мың тонна тыңайтқыш бөлініп, қоймаларда сақтаулы тұр. Атап айтсақ, Сарыағаш ауданына 9 мың тонна, Шымкент қаласына 5 мың тонна, Түркістан қаласына 1 мың тонна тыңайтқыш қарастырылған.

Техникалардың дайындығына тоқталар болсақ, қолда бар 18 мыңнан астам трактордың 87 пайызы, 3 мыңға жуық трактор соқаларының 95 пайызы,  2 мыңға жуық дән сепкіш техниканың 90 пайызы көктемгі дала жұмысына сақадай сай.

Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 38 мың тонна дизель отыны бөлінді десек, бұл облыс агроқұрылымдарының қажеттілігін толығымен қамтамасыз етуге жетеді дейді сала мамандары.

 

Барлық жаңалықтар