Жаңаарқа ауданының тұрғындары «Денсаулық пойызында» тексерістен өтті

2 Наурыз, 2016 10:19
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының шалғайдағы елді мекендерінің тұрғындарына, теміржолшыларына және олардың отбасы мүшелеріне енді диагностикалық тексерілу және медициналық көмек үшін Қазақстанның ірі қалаларына баруға уақыт және қаржы шығарудың қажеті жоқ, деп хабарлады ІІМ ТЖК баспасөз қызметі.

2016 жылғы ақпан айының ортасында Қарағанды облысының алыстағы стансаларына «Саламатты Қазақстан» кеңестік-диагностикалық пойызы жол тартты. Биылғы жылы медициналық пойыз еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізілмек.

«Саламатты Қазақстан» Қарағанды облысының 20 шақты стансасына қызмет көрсетуді жоспарлап отыр, 29 ақпаннан бері Жаңаарқа ауданының Атасу кентіне тоқтап жұмыс істеуде.

«Дөңгелекті емхана» деп аталып кеткен медициналық пойыздың вагондарында дәрігерлердің кабинеттері, диагностикалық корпус, тіркеу бөлімі, тамақтану және демалу блоктары  орналасқан. Стоматолог, дерматолог, уролог, маммолог, гинеколог, невропатолог, кардиолог, терапевт, отоларинголог, педиатр, окулист сияқты мамандарға кезекке тұрғандар көп.

Пойызда УДЗ-диагностикалау, таңу, процедуралық кабинеттер және шағын хирургиялық операциялар жасайтын операциялық блок қарастырылған. Барлық кабинеттер толықтай компьютерленген. Сандық флюорографиялық аппарат рентген түсірілімді пациенттің жылдам алуын қамтамасыз етеді, тапсырылған талдаманың нәтижесі де көп күттірмейді. Бар жоғы 14 күн ішінде «Саламатты Қазақстан» кеңестік-диагностикалық пойызының дәрігерлерімен Қарағанды облысының 9 стансасының 1 578 тұрғыны тексерілді, олардың 337 балалар. Дәрігерлерге келушілер саны 21 390 адамды құрады. 15 709 диагностикалық процедура, 73 амбулаторлық операция жасалды. 742 тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетілді.

Жұмыс нәтижесінде пойыз мамандарымен 1 658 ауру түрі тіркелді, олардың 266 балаларда. 19 қатерлі ісік анықталды, олардың 2 балаларда.

Медициналық пойыздың әр пациенті қажетті алғашқы медициналық көмек, білікті кеңес және ары қарай емделу үшін таяу орналасқан медициналық орталықтарға жолдама алады.

Шалғайдағы елді мекен тұрғындарының денсаулығына деген қамқорлақ үшін олар өздерінің шексіз алғыстарын білдіруде. Медициналық пойыздың келесі аялдайтын жері Жаңаарқа стансасы, ол тағы да жүздеген адамның қуанышы деуге болады.   

Барлық жаңалықтар