ҚР-да депозиттің жалпы көлемі 10,1 трлн теңгені құрайды – Қ.Келімбетов

15 Қараша, 2013 16:10
Еліміздегі депозиттің жалпы көлемі соңғы 7 жылда 3,3 есеге өсіп, 10,1 трлн теңгеге жетті, деп мәлімдеді ҚР Ұлттық Банк Төрағасы Қайрат Келімбетов ҚР Ұлттық валютасының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған Халықаралық конференцияда.

«Дағдарыстан кейінгі кезеңде банктер үшін депозиттің базасы үлкен маңызға ие болды. Сыртқы нарық жабылған кезде банктер үшін қор жинаудың басты көзі ретінде депозиттік салымдар үлкен рөл атқарды. Жеке тұлғалар үшін 5 млн теңгеге дейін кепілдендірілген депозит пен осы норманы сақтау банктік жүйеге деген халықтың сенімін арттырып, депозиттік салымдарды тежемеді. Осылайша еліміздегі депозиттің жалпы көлемі соңғы 7 жылда 3,3 есеге өсіп 10,1 трлн теңгеге жетті», - деді бас банкир.

Депозиттік базаның өсіміне қарамастан, банктер әлі күнге дейін өздерінің негізгі қызметі алып-сатарлықты өз дәрежесінде атқара алмай жүр. Атап айтар болсақ, іште жинақталған қаражатты өндірістік инвестицияға айналдыра алар емес.

«Қазіргі таңда «жұмыс істемей жатқан» активтердің белсенділігін арттыру үшін барлық инфрақұрылым жасалған. Банктер аталмыш бағытта жұмыс істеулері керек, ал Ұлттық Банк өз кезегінде аталмыш процедуралардың тиімділігін арттыру жолында барлық заңнамалық жұмыстарды қарастырып, жағдай жасайды», - деді Қ.Келімбетов.

Барлық жаңалықтар