- Басты
- Қазақстандықтар Мәжіліс пен барлық деңгейлі мәслихат депутаттығы үміткерлеріне 25 күннен кейін дауыс береді
Қазақстандықтар Мәжіліс пен барлық деңгейлі мәслихат депутаттығы үміткерлеріне 25 күннен кейін дауыс береді

Ортсайлаукомда болған брифинг барысында ҚР ОСК мүшесі М. Сәрсембаев БАҚ өкілдерін сайлау науқанының аталған кезеңінің жалпы қорытындыларымен таныстырды.Жалпы республика бойынша округтік сайлау комиссиялары барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 10825 кандидатты тіркеді. Осылайша, орташа бәсекелестік 1 депутаттық мандатқа 3 үміткерді құрайды.
Тіркелген кандидаттардың 1592-сі – облыстық мәслихаттарға, 121-і – Астана қаласының мәслихатына, 130-ы – Алматы қаласының мәслихатына тіркелді.Аудандық мәслихаттар депутаттарының мандаттарына 6862 кандидат, ал қалалық мәслихаттарға – 2120 кандидат үміткер.
Тіркелген кандидаттардың 3407-ін саяси партиялар, 17-ін - қоғамдық бірлестіктер үсынған, 7401-і - өзін-өзі ұсынғандар.
«2012 жылғы сайлаумен салыстырғанда, тіркелген кандидаттар саны 2016 жылы 1660 адамға көбейді, яғни жергілікті өкілді билік органдарына сайлауда біздің азаматтардың электораттық белсенділігі едәуір өсті» - деп атап өтті М. Сәрсембаев.
Бүгінгі күннен, яғни 24 ақпаннан бастап мәслихаттар депутаттығына тіркелген кандидаттар үгіт жүмысына кіріседі.
«Барлық 10 мың 825 кандидат өз сайлауалды бағдарламаларын ұсынып, сайлаушылар даусы үшін сайлау заңнамасының шеңберінде әділ бәсекелі күрес жүргізетініне сенім білдіреміз» - деді М. Сәрсембаев брифинг соңында.
Брифинг барысында ҚР ОСК мүшесі Т. Охлопкова: «Сайлауды байқау сайлауға деген ұлттық және халықаралық сенімді нығайтуға ықпал ететінін ескере отырып, Қазақстан өз міндеттерін орындай отырып, 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға байқаушылар институтын ашты» деп атап өтті.
Сайлау туралы заңға сәйкес халықаралық байқаушылар Сыртқы істер министрінің немесе ҚР ОСК Төрағасының ресми шақыруы бойынша, сондай-ақ Ортсайлауком берген халықаралық байқаушының аккредиттелгені туралы куәлік болған кезде сайлауды байқауды жүзеге асырады. Шетелдік БАҚ өкілдері ҚР СІМ-нің акредиттеу туралы куәлігі болған кезде байқауды жүзеге асыра алады.
Халықаралық байқаушылардың қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету оларды жіберген шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымдардың қаражаты есебінен немесе байқаушының жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Аталған ереже халықаралық құжаттарда көрсетілген.
Қазақстанда 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды байқауды үш халықаралық ұйымның миссиясы жүзеге асырады:
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ), 1999 жылғы президенттік сайлаудан бастап;
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы – 2004 жылғы Мәжіліс депутаттарын сайлаудан бастап;
Шанхай ынтымақтастық ұйымы – 2007 жылғы Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлаудан бастап.
Сайлауды байқау жөніндегі Миссия – ДИАҚБ қызметінің неғұрлым ауқымды нысаны. Оның құрамына сарапшылардың негізгі тобы, ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді байқаушылар кіреді. Миссияның құрамында сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының, Еуропалық Парламенттің және басқа да парламенттік ұйымдардың делегациялары болуы мүмкін.
ДИАҚБ-ның кез келген деңгейдегі сайлауды байқауға мандаты бар. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының басшысы Борис Фрлец Ортсайлауком Төрағасы Қ.Т. Тұрғанқұловпен 2016 жылғы 17 ақпанда болған кездесуде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясы жергілікті сайлауды байқауды жүзеге асырмайтынын мәлімдеді.
ЕҚЫҰ байқаушыларының қызметі Сайлауды байқау жөніндегі нұсқаумен регламенттеледі.
ТМД байқаушылары үшін негізқалаушы құжат 2004 жылы 26 наурызда Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімімен бекітілген президенттік және парламенттік сайлаудағы ТМД-дан байқаушылар Миссиясы туралы ереже болып табылады.
ТМД Миссиясының құрамына ТМД Парламентаралық Ассамблеясының, Беларусь және Ресей Одағы Жиналысының, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Парламенттік Ассамблеясының делегациялары кіре алады.
ШЫҰ байқаушылары өз жұмысында Сыртқы істер министрлерінің 2006 жылы 15 мамырдағы шешімімен бекітілген президенттік және парламенттік сайлаудағы, сондай-ақ референдумдардағы Шанхай ынтымақтастық ұйымынан байқаушылар Миссиясы туралы ережені басшылыққа алады.
ТМД-дан және ШЫҰ-дан байқаушылар Миссиясының жергілікті сайлауды байқауға мандаты жоқ, олар президенттік, парламенттік сайлауды және референдумдарды ғана байқауды жүзеге асыруға құқылы.
2005 жылы БҰҰ қабылдаған Халықаралық байқаушы тәртібінің кодексі байқаушылардан қорытындылар шығару кезінде байқау дәлдігі мен кәсібилікті қамтамасыз етуді талап етеді.
Ұқсас талаптар ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның сайлауды байқау туралы нұсқауларында, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы байқаушыларының миссиялары туралы ережелерде бар.
Миссиялар сайлауды әзірлеу мен өткізу барысында Ортсайлаукомға аралық есептерін жібере алады.
Сайлау науқаны аяқталған соң ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясы баспасөз конференцияда алдын ала тұжырымдар мен қорытындылар туралы мәлімдемесін жария етеді, ал сайлау процесі аяқталған соң шамамен екі айдан кейін ол қорытынды есебін жариялайды.
ТМД-дан және ШЫҰ-дан байқаушылар Миссиясы, әдетте, баспасөз конференциясында сайлаудың бағасы туралы қорытынды мәлімдемесін жария етеді.
Бүгінде Ортсайлауком Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясынан 40 байқаушыны және ТМД байқаушылар Миссиясынан 12 байқаушыны аккредиттеді.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының құрамында 400-ден астам, ТМД-дан байқаушылар Миссиясының құрамында – 300-ден астам, ШЫҰ Миссиясының құрамында 10-нан астам байқаушының келуі күтілуде.
Сыртқы істер министрлігі қазіргі кезде шетелдік БАҚ-тың 99 өкілін аккредиттеді.
Брифингті аяқтай келе, Т. Охлопкова «халықаралық байқау сайлау процесі туралы екі жақты білім және ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді, берік халықаралық қатынастар мен ынтымақтастықты орнатуға жәрдемдеседі» деп атап өтті.
Ботагөз Айтжанова
-
Мәжілістің жаңа сессиясы аясында қандай заң жобалары қаралмақ
-
Сағынтаев Алматы қалалық мәслихатының жаңа депуттарымен кездесті
-
Парламент Мәжілісі төрағасы сайланды
-
Мәжіліс отырысы: Жаңадан сайланған халық қалаулылары ант беріп жатыр
-
Сайлау науқанында барлық партияның дайындығы мен белсенділігі көрінді. Сарапшылар пікірі
-
Мәжіліс депутаттары куәліктері мен төсбелгілерін алып, өкілеттілікті бастады
-
"Nur Otan" партиясынан Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар мандаттық туралы пікірлерін айтты
-
«Nur Otan» партиясынан Мәжіліске кімдер сайланды
-
Сайлау қорытындысы: Мәслихаттардағы мандаттар саны белгілі болды
-
Сайлау қорытындысы: Үш партияның Мәжілістегі мандаты белгілі болды
-
ОСК Мәжіліс депутаттары сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады
-
Парламент Мәжілісі депутаттына ҚХА кандидаттарына дауыс беру нәтижесі жарияланды
-
ҚХА мүшелерінің дауыс беруі басталды
-
Парламент мәжілісі мен мәслихат сайлауы қалай өтті
-
ЕО комиссиясының төрағасы: Дауыс берушілердің көптігі – қалыпты өмірге оралуымыздың белгісі

