• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР мен АҚШ Қорғаныс министрлері ынтымақтастық пен әскери білім беру қарым-қатынасын талқылады

ҚР мен АҚШ Қорғаныс министрлері ынтымақтастық пен әскери білім беру қарым-қатынасын талқылады

14 Қараша, 2013 15:08
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Америка Құрама Штаттарына ресми сапары барысында АҚШ Қорғаныс министрі Чарльз Хейгелмен кездесті, деп ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

«Екі жақты кездесу кезінде Қазақстан мен АҚШ қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери және әскери-тихникалық ынтымақтастықтың бүгінгі жағдайы мен келешекте дамуын талқылады», - деп хабарламада нақтыланған.

Тараптар Ауғанстан мен Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселелерін талқылады. Қазақстан  Ауғанстандағы жағдайды  тұрақтандыру жөніндегі халықаралық бастамаларды қолдайды және бесенділік танытады деді ҚР Қорғаныс министрі.

Өз кезегінде АҚШ Қорғаныс министрі Чарльз Хейгел Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға қосып отырған  зор үлесін атап өтті. Ол сондай-ақ американ тарапы Қазақстан Қарулы Күштерімен ынтымақтастықты кадрлар даярлау, бірлескен жаттығулар өткізу, сондай-ақ қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласында жалғастыруға мүдделі екендіктерін айтты.

«АҚШ Қарулы Күштерінің әскерді кәсібилендіруде жақсы тәжірибесі бар. Осыған байланысты бізге кадр саясатында, персоналдарды жинау әдісінде, бюжеттік жоспарлау мен әлеуметтік қамтамасыз етудің ерекшеліктерін зерделеуде тәжірибе алмасу қажет. Сөз жоқ, кез келген қайта ұйымдастыру кадрлық әлеуетке байланысты және біз үшін қазақстандық әскери қызметшілерді АҚШ-тың оқу орындарында оқыту маңызды. Біз америкалық және қазақстандық әскери оқу орындарының ынтымақтастығына мүдделіміз және әскери ғылым саласындағы өзара іс-қимылға дайынбыз», – деді Әділбек Жақсыбеков.

Екі ел қорғаныс ведомстволарының басшылары әскери-техникалық ынтымақтастық, оның ішінде қорғаныс-өнеркәсібі саласындағы қарым-қатынасты дамыту мәселелерін де талқылады.

Қорғаныс министрі бастаған қазақстандық әскери делегация General Atomic, Boeing Defense, OshKosh, Lockheed Martin, Sikorsky сияқты АҚШ қорғаныс-өнеркәсібі кешендеріне кіретін жетекші компаниялардың өкілдерімен кездесті. Әділбек Жақсыбеков олармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

 

Барлық жаңалықтар