• Басты
  • Жаңалықтар
  • М.Мамытбеков: «Aspan Profile Technоlogy» зауыты 150-ден астам жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр

М.Мамытбеков: «Aspan Profile Technоlogy» зауыты 150-ден астам жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр

18 Ақпан, 2016 17:17

Aspan Profile Technоlogy зауыты - алдыңғы қатарлы инновациялық технологияларды қолдана отырып,  терезе және есік құрастыруға арналған пвх-профильдер және терезе алды тақтайшаларын шығаратын бірегей зауыт,  деді strategy2050.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берген кәсіпорын директоры Мұрат Мамытбеков.

«Еліміздің үшінші ірі мегаполисіне айналған - Шымкент қаласында  орналасқан зауыт өз жұмысын 2014 жылдың қаңтарында бастады. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған зауыттың жобалық құны 1 миллиард 200 млн. теңгені құрады. Бүгінгі таңда зауыт 150-ден астам жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, Қазақстанның барлың ірі аймақтарында өзінің сапалы өнімін ұсыну арқылы еліміздің экономикасының өсуіне және жергілікті өндірістің дамуына елеулі үлесін қосып отыр»,- деді ол.

«Қазіргі таңда зауыттың Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Жетісай, Сарыағаш, Жаңақорған  қалаларында дилерлік орталықтары бар. Сонымен қатар 2015-ші жылдың күзінен бастап зауыт өз тауарын Қырғызстан мемлекетіне үздіксіз жіберуде. Алдыңғы уақыттағы мақсат - Қазақстан Республикасының басқа да өңірлеріне, және Тәжікстан, Түркменістан, Ауғанстан, Ресей, Монғолия мемлекеттеріне экспорттау. Ол үшін зауыт өзінің өндіріс күшін екі есе арттырып, 8 экструзиялық қондырғымен жылына 14 000 тонна пвх-профильдер мен терезе алды тақтайшаларын шығара алатын деңгейге жетті»,- дейді зауыт директоры.

Сонымен қатар, зауыт директоры кәсіпорынның заманау қондырғылармен жабдықталғанын айта келіп, жұмысшылардың шетелдік мамандардан дәріс алғанын да тілге тиек етті.

«Зауыт жобалау жұмысының тарихы 2012 жылдың жазынан басталады. Елбасымыздың жергілікті өндірістерді дамыту арқылы құрылыс саласына қажетті көптеген тауарларды қол жетімді етуіміз қажет деген тапсырмасына құлақ асқан зауыт басшылары елімізде теңдесі жоқ алдыңғы технологияларды қолданып тауар өндіретін зауытты жобалауға кірісіп кетті. Бұл үшін әлемдегі пвх-профильдер және терезе алды тақтайшаларын шығаруға арналған қондырғылардың ең үздік өндірушілері - Австриялық "Greiner Extrusion", Германиялық "Krauss Maffei Berstorff" және "Baerlocher" компанияларымен келісім жасалып, қондырғылар мен шикізаттар алынды. Және тек қондырғылар ғана алынып қоймай, бұл компаниялармен еуропалық дәл осындай зауыт тәжірибелерін ASPAN зауытына енгізу жайында келісімге қол жеткізілді. Нәтижесінде 5 айға созылған іске қосу жұмыстарымен бірге зауыт жұмысшылары шетелдік мамандардан дәріс алып, арнайы сертификаттармен марапатталды. Жоғары сапалы тауар шығарудың негізгі факторы - "сапалы шикізат", "әлемдік деңгейдегі сапалы қондырғы" және "тәжірибелі маман" ASPAN зауытында қатаң қадағаланып, жұмыстың негізіне айналды»,-деп атап өтті М.Мамытбеков.

Зауыттан шыққан өнім шетелдік тауарлардан әлде қайда сапалы әрі бағасы да тиімді екенін айтады зауыт басшысы.

«4 экструзиялық қондырғымен жұмысын бастаған ASPAN зауыты нарыққа тиімді бағадағы жоғары сапалы өнім ұсынды. Зауыт импортталған шетелдік тауардан сапалы, алайда бағасы тиімді тауарды ұсыну арқылы көптеген өңірлерді жергілікті  тауармен қамтамасыз ете бастады. Және мемлекет тарапынан көрсетілген көмектердің нәтижесінде жергілікті тауарға деген сұраныс көбейіп, өндіріс қауқарын арттыру қажеттілігі туды.  ASPAN зауытының бірден-бір ерекшелігі, пвх-профильдер және терезе алды тақтайшаларының өндірісін екі есе арттырып қана қоймай, есік-терезе құрастыруға керекті басқа да құрама бөлшектерді өндіруге кірісіп кетті. Атап айтқанда зауыт жанынан айына 200 тонна металл өнімдерін шығаратын цех ашылды»,-дейді зауыт басшысы Мұрат Сауытбекұлы.  

Қанат Тұраров

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар