Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты қабылдады

14 Қараша, 2013 13:47
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовты қабылдады, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Министр елдегі қылмыстық жағдайдың жай-күйі, қылмысқа қарсы күресті күшейту жөніндегі шаралар және қоғамдық құқық тәртібін қамтамасыз ету туралы баяндады.

Қазақстан Президенті барлық жасалған құқық бұзушылықты толық тіркеу және қылмыстың алдын алудың жүйелі жүргізілу қажеттігіне тағы да назар аударды», - деп хабарламада нақтыланған.

Өз кезегінде Қ.Қасымов құқық бұзушылықтың барлық түрін толық тіркеу есебінен олардың саны 28 %-ға артқанынан хабардар етті. Бұл ретте бірқатар аса ауыр қылмыстың 13 %-ға, кісі өлтіру – 13,5 %-ға төмендегені, сондай-ақ тонау мен қарақшылық деректерінің азаюы байқалғаны атап өтілді.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы еліміздің көлік жолдарында апаттың едәуір артқанына және оны төмендету үшін шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.

«Бүгінде елімізде жол-көлік оқиғасы салдарынан жолдарда адамдардың қайтыс болуы жиі орын алуда. Мысалы, жыл басынан бері 2,5 миллионға жуық жол жүру ережелерін бұзушылық, мас күйінде көлік жүргізудің 26 мың фактісі тіркелген, 2400 адам қайтыс болып, 80 мыңнан астам адам зардап шеккен», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ішкі істер министрі биылғы қазан айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде Президент берген тапсырмаларды іске асыру барысы туралы мәлімдеді.

«Жол жүру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті қатайтуға бағытталған тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар әзірленді. Мысалы,  жылдамдық режимін 40 км/сағаттан артыққа бұзғаны үшін және қарсы бағытқа шығып кеткені үшін көлік жүргізу құқығынан айыру, ал мас күйінде көлік жүргізгені үшін 500 айлық есептік көрсеткіш түрінде айыппұл салу, 300 сағат қоғамдық жұмыс немесе сот шешімімен 6 ай әкімшілік қамауға алу түрінде жауапкершілік көзделеді», – деді Қ.Қасымов.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы құқық қорғау қызметінің тиімділігін одан әрі арттыруға, қылмыстық озбырлықтан азаматтар құқығын қорғау жөніндегі шараны күшейтуге, ішкі істер органдарында заңдылық пен тәртіпті нығайтуға байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.        

 

Барлық жаңалықтар